Атыраулық 9 жасар Нұршат ҚҰСАНОВА Македонияда өткен «Звёздочки» халықаралық вокалды байқауының жеңімпазы атанды. Бұл байқауда әлемнің 14 елінен келген балалар бақ сынады.
Нұршат байқауда Жасұлан НҰРҒАЗИЕВ пен Мирас ҚАДЫРМҰРАТТЫҢ өзіне арнайы жазған «Ғажап әлемі» әнін шырқады. Авторлық әнді ана тілінде орындау - байқаудың басты талабы болатын.
Нұршаттың әкесі Мақсат Құсановтың айтуынша, ол бір жарым жылдан бері Әділбек БАҒЫТҰЛЫНЫҢ вокалды студиясында дәріс алып жүр екен:
- Кішкентай кезінен үйде үнемі ән айтып жүретін, сондықтан оны вокалға беруді ұйғардық. Бір ай дәріс алғаннан кейін Ақтөбеге «Ақкөгершін» байқауына барып, сол жерде бірінші орын алды.
Нұршат көктемде Атырауда өткен «ALMALY.KZ» VI Халықаралық балалар фестивалінен кейін Македонияға жолдама алған. Енді Македонияда оған Сербияда өтетін фестивальге жолдама берілді. Осынау кішкентай өнерпазға біз де сәттілік тілейміз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА