Бүгін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин Сочиде кездеседі. Бұдан бұрын Ердоған Сүриядағы күрд қарулы күштері уақытша соғыс тоқтату келісімін толық орындамаса, сейсенбі күннен бастап шабуыл қайта жалғасатынын ескерткен болатын.
Уақытша соғыс тоқтату бітімі өткен аптада жарияланғаны белгілі. Вице-президент Майк Пенс бастап барған АҚШ делегациясы Анкарадан 5 күнге шабуылды тоқтата тұру келісімін алған болатын. 5 күн ішінде күрд қарулы күштерінің Түркия жоспарлаған қауіпсіз аймақтан шығып кетуін талап еткен. Күрд күштері аталған аймақтан шығып кететін болса, Анкара шабуылды жасамауға келіскен.
АҚШ пен ЕО Түркияны күрд күштерімен келіссөз жүргізуге насихаттап келеді. Өткен жұмада халықаралық ұйымдар мәлімдеме жасап, Түркияның Сүриядағы әскери әрекеттерінен 86 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын мәлімдеген еді. Түркияның шабуылы басталғаннан бері 160 мың сүриялық тұрғын босқынға айналғаны да айтылуда. Кейбір халықаралық ұйымдар шабуыл кезінде Түркия тарабы әскери қылмысқа да жол берді деп күдіктенеді. Айталық, Amnesty International ұйымы Түркия қарулы күштері кейбір қақтығыс аймағында химиялық қару қолданын дәлелдей аламыз деп шықты. БҰҰ Анкарадан бұл туралы түсінік беруін талап еткен.
Дереккөз: Qazaqtimes.com