«АЖ» әдеттегідей өз оқырмандарын алыс ауылдар тұрмыс-тіршілігімен таныстырады. Бұл жолы жолымыз Исатай ауданының орталығы Аққыстаудан 20 шақырым жерде орналасқан Х. Ерғалиев ауылына түсті. Мұнда бүгінде 780 үйде 4405 адам тұрады. Өндірісі жоқ ауыл тұрғындары көбіне мал шаруашылығымен айналысады.
Ауылға кіргенде алғаш көзіміз түскені – көше көп (28 көше), басым көпшілігінде тас жол жоқ. Жері сазды, соры шығып тұратын ауылда жол мәселесі басты проблеманың бірі болып тұр. Жарықтандыру жайы да шешілмеген, әр жерден сығырая көрінген жарық бар. Ауылда амбулатория, полиция, ветеринария, әкімдік бұрынғы аурухананың ескі ғимаратында қатарласа қоныстанған.
- Бүгінде 100 шаршы метр ғимарат бөлшегін уақытша иемденіп отырмыз. Кезінде өз алдына ғимарат салу жайын көтергенбіз, бірақ аяқсыз қалды,-дейді әкімдік қызметкерлері.
Амбулатория дәрігері Күләш НҰРМАНОВА ғимараттың ескілігімен қатар кадр мәселесі қиын екенін айтты. Ауылдағы жалғыз дәрігер зейнеткерлік жасқа жетсе де, орнына адам табылмай, әлі жұмыс істеп жүр.
- Мұнда жедел жәрдем бөлімшесі жұмыс істейді, ауылды ғана емес, қырда және елді мекендерде отырған малшыларды қамтып үлгеріп жатырмыз. Бала, ана өлімі тіркелмеген, - дейді К.Нұрманова.
- Ауыл қартайып барады, жастарымыз біртіндеп қалаға кетіп жатыр, - дейді зейнеткер ұстаз Бекболат МУСИН. - Жазымыз ыссы, жерасты суы тартылып кеткен. Қуаңшылық бұлай етек ала берсе, малмен отырған ертеңіміз қалай болатыны белгісіз.
Қамысқала округінің әкімі Рафиғат ТӘЖИДЕНОВАНЫҢ айтуынша, ауылда 71 шаруа қожалығы бар, сондай-ақ 136 жұмыссыз ресми тіркелген. 33 отбасындағы 268 балаға АӘК беріледі. Автомобиль және жаяу жүргінші жолын біртіндеп шешу үшін жобалық сметалық құжаты сараптамадан өткізілген. Бірақ әкімдікке ғимарат салу жоспары әзір жоқ екен.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор