Атырау, 27 қараша 03:40
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Путин мен Меркель "норман төрттігі" форматындағы алдағы кездесуді талқылады

2 618 просмотра

Мұрағаттан алынған сурет: Ангела Меркель, Владимир Путин, Петр Порошенко және Франсуа Олланд. Қазан айы, 2015 жыл.

19 қазанда Германия канцлері Ангела Меркель Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украина шығысындағы қақтығысқа қатысты мәселелерді талқылады. DPA агенттігінің жазуынша, екі ел басшысы "норман төрттігі" форматындағы кездесуге дайындық мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Саммиттің нақты қашан өтетіні әзірге белгісіз.

2014 жылы маусым айында Нормандияда Ангела Меркель және сол кездегі Франция президенті Франсуа Олланд, Ресей президенті Владимир Путин және сол кездегі Украина президенті Петр Порошенко кездесіп, Украина шығысындағы жағдайды талқылаған. Содан бері төрт ел басшыларының кездесуі "норман төрттігі" форматындағы кездесу деп атала бастаған. Тамыз айында Франция президенті Эммануэль Макрон бұл кездесудің қыркүйек айында өтетінін айтқан. Бірақ кездесу кейінге шегерілді.

19 қазанда Меркель мен Путин Сирия мен Ливиядағы жағдайды талқылап, Украина аумағы арқылы газ тасымалдау бойынша жалғасып жатқан келіссөздің жай-жапсарын да сөз еткен.

Украинаның шығысында жанжал басталған 2014 жылғы сәуірден бері 13 мыңнан астам адам қазаға ұшыраған. жанжал кесірінен бір жарым миллионға жуық адам тұрғылықты мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл - екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері Еуропа құрылығындағы ең ірі миграциялық құбылыс.

АҚШ, Еуропа одағы мен өзге елдер Мәскеуді Украинадағы жанжалға араласып отыр деп айыптап, Ресейге қарсы санкциялар енгізген. Мәскеу бұл айыптарды жоққа шығарады.

Дереккөз: Азаттық радиосы


20 қазан 2019, 09:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.