20 қазанда астық бағасының өсуіне байланысты Атырауда әлеуметтік нан 95 теңгеге қымбаттады. Бұл туралы брифингте қаладағы наубайханалар өкілдері хабарлады.
Бүгінде Атырау өңірінде 13 наубайхана бар. Олар тәулігіне 50 мыңға жуық нан өнімдерін шығарады.
- Биыл күннің ыстығына байланысты Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облысындағы кейбір бидай алқабы күнге күйіп кеткен. Енді бар шығынды өтеу үшін диханшылар ұнның бағасын өсірді,- дейді «Азмуханов» ЖК директоры Талғат ҚОЩАНОВ. - Көтерілген ұнның бағасымен есептер болсақ, нанның өзіндің құны 85 теңгеге тең келіп отыр. Біз нанды 90 теңгеден жібереміз, дүкендер 95 теңгеге сатады.
Ал «Дәулет-нан» ЖШС-тің маркетинг бөлімінің басшысы Ирина КОЛЕСНИКОВА өздері шығарған нан ай соңына дейін қымбаттамайтынын айтты:
- Бізде әзірге бұрынғы бағамен алынған ұн бар. Осы ұн біткеннен кейін нанның бағысын қайта есептейміз.
Қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан ДӘУЛЕТОВ қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруды жүзеге асыру механизмін бекіту туралы Атырау облысы әкімдігінің қаулысы дайындалып жатқанын айтты.
Әсем ЖОЛДЫБАЕВА
Суретті түсірген Фархат ӘБІЛОВ