Еуроодақ Брекзит бойынша келісімді мақұлдады деп хабарлады 17 қазанда Еуроодақ саммитінің қорытындысы бойынша баспасөз жиынын өткізген Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск. Оның сөзіне қарағанда келісім Лондон мен Брюссель арасындағы тату қарым-қатынасқа жол ашпақ.
Еуропа кеңесі сайтында жарияланған мәлімдемеде келісімнің 1 қарашада күшіне енуі мүмкін екені жазылған. Бірақ құжат күшіне енуі үшін енді оны британ парламенті мақұлдауы тиіс. Еуропа кеңесі тараптардың тығыз қарым-қатынасты сақтап қалуға күш салып отырғанын айтады.
Дональд Туск бейсенбі күнгі баспасөз жиынында егер британ парламенті жаңа келісімді мақұлдамаса, Брюссель Брекзит мерзімін кейінге жылжыту мәселесін қарауға дайын екенін жеткізді. Ол үшін Лондон Еуроодаққа арнайы сұрау салуы тиіс. Алайда бұған дейін Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер ЕО-ның Брекзитті кейінге шегере алмайтынын айтқан.
Ал Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон Брекзитті кейінге қалдыруға негіз жоқ деген.
Брекзит келісімінде сұрақ тудырып отырған ең басты мәселе Еуропа одағының мүшесі Ирландия мен Британия провинциясы Солтүстік Ирландия арасындағы шекара болып тұр. Жаңа келісім бойынша, тұтас Ирландия аралында ешқандай кедендік тексеріс болмайды, Солтүстік Ирландия Ұлыбританияның кедендік аумағы болып қала бермек. Онда Еуроодақтың біртұтас нарығының кейбір ережелері сақталып қалады.
Джонсон британ парламентінің келісімді мақұлдайтынына сенімді. Алайда көптеген сарапшылар бұған күмән келтіреді.
Дереккөз: Азаттық радиосы