Мамандардың айтуынша, дауылдың күші сәл бәсеңдегенімен, ол әлі де қауіпті.
Қазіргі кезде дауыл ошағында жел жылдамдығы сағатына 130 шақырымды құрайды, деп хабарлайды Сaspionet.kz. Мамандардың болжамынша, Канададан келе жатқан төмен қысымды суық ауа ағыны Сэнди дауылын күшейтіп жіберуі мүмкін. АҚШ-тағы құмар ойындары саласының орталығы саналатын Атлантик-Сити қаласын түгелімен су басты. Қала көшелеріндегі су деңгейі бір жарым метрге көтерілген. Қала басшылығы демалыс күндері тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіртуге мәжбүр болды. Қазіргі кезде шығыс жағалауында тұратын 3 миллионнан аса адам электр қуатынсыз отыр. Нью-Йорке, Вашингтон, Филадельфия мен өзге ірі қалаларда метро мен қоғамдық көлік жүрмей, көпірлер мен туннельдер жабылған. Темір жол қатынасы тоқтап, 9 мыңнан аса әуе рейсі кейінге қалырылды. Жалпы АҚШ экономикасына дауылдан келген шығын 20 миллиард долларды құрауы мүмкін. Сэнди дауылынан екі адамның қаза тапқаны белгілі.
Дереккөз: bnews.kz