Атырау, 24 қараша 02:41
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда әскерге шақыртылған 30 сарбаз әскери қызметін өтеуге аттанды

2 806 просмотра


15 қазан күні Жеңіс саябағында әскерге шақыртылған 30 сарбазды Жамбыл облысына аттандыру үшін салтанатты шара өтті.  Шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев, сондай-ақ, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев қатысты. Шараның құрметті қонақтары  сарбаздарға әскери міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, абыроймен Отан алдындағы борышын өтеп келуді тіледі.

- Бүгін өмірлеріңіздегі ең  маңызды күн. Өйткені, бүгін сіздер Отан алдындағы борыштарыңызды өтеу үшін басқа аймаққа аттанасыздар. Көпшілігіңіз бірінші рет жақындарыңыз бен туыстарыңыздан жыраққа кетіп барасыздар. Бұл тек сіздерге ғана емес, ата-аналарыңыз бен аға-бауырларыңыз үшін де сынақ. Сондықтан сіздер өздеріңізге берілген жауапкершілікті абыроймен атқарып, «Отан қорғаушы» деген лауазымды атақпен оралуларыңыз тиіс, - деді Жұмабай Қарағаев.

Қазіргі таңда ҚР ҰҚК Шекара қызметіне Атырау облысынан 140 әскерге шақыртылушы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. 15 қарашаға дейін облысымыздан ҚР Қарулы Күштеріне 250 әскерге шақыртылушы жіберілетін болады. Жалпы, 2019 жылдың күзгі шақыртылуына Атырау облысынан 700-ге жуық сарбаз аттанады деп күтілуде.

- Әскерде  қызмет ету кез-келген азаматтың борышы деп есептеймін. Мен дене шынықтыру сынақтарынан, медициналық тексерістерден сәтті өттім. Отбасымда әкем де, анам да әскери қызметкер болғандықтан, мен де сол салада еңбек еткім келеді, - дейді әскерге аттанушы  Нұрбек Дүйсенбай.

Айта кетейік, шараны ұйымдастырушы - Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті. Шараға Х.Досмұхамедов атындағы АМУ әскери кафедрасының студенттері, Ұлттық гвардияның 5546 әскери бөлімінің оркестрі және «Жас Сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ, әскер қатарына шақыртылушылардың жақын туыстары қатысты.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

16 қазан 2019, 15:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.