Атырау, 27 қараша 05:37
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Шавкат Мирзияев түркі тілдес елдерге ортақ инвестициялық қор құруды ұсынды

2 131 просмотра


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтіп жатқан Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің жетінші саммитінде түркі тілдес елдерге ортақ инвестициялық қор құру туралы бастама көтерді. Ол мұнан өзге түркі тілдес елдерге ортақ сауда үйін ашу, бірлескен технопарк, инновациялық стартап-компания және венчур қорлар құру туралы ұсыныс айтты.

Мирзияев көтерген ұсыныстың бірі - Түркі кеңесінің аясында жас кәсіпкерлер форумын құрып, алғашқы отырысын келер жылы Өзбекстанда өткізу. Бұл ақпаратты Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратты.

Өзбекстан президенті "мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі дамыту үшін кеңеске мүше әрбір ел өз тілінде "Түркі әдебиетінің қазынасы" деп аталатын кітап сериясын шығаруы керек" деген пікірін білдірді.

Өзбекстан саммитке Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің толық құқылы мүшесі ретінде алғаш рет қатысты. Өзбекстан бұл ұйымға биыл қыркүйекте қосылған. Оған дейін Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесіне Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия мүше болған. Түркіменстан ұйымның шараларына ішінара араласқан. Венгрия бақылаушы ретінде қатысып келген.

Бакудегі Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің саммитіне Қазақстан атынан қатысқан бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев та бастама көтерген еді. Ол саммитте сөйлеген сөзінде кеңестің атын «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» деп өзгертуді ұсынған. Назарбаевты осы саммите Түркі әлемінің орденімен марапаттап, "Түркі кеңесінің өмір бойғы құрметті төрағасы" деп жариялаған.

Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президент өкілетін тоқтататқанымен «Нұр Отан» партиясы мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктегі ықпалын сақтап қалған.

2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанда өткен Түркі тілдес елдер басшыларының 9 саммитінде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен "Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы" келісімге қол қойылған.

Дереккөз: Азаттық радиосы


16 қазан 2019, 14:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.