Атырау, 24 қараша 02:20
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Шетелдік" көліктер ережені жиі бұзады

Сурет Бейнежазба
4 938 просмотра

Бейресми деректер бойынша, Атырау қаласында 3 мыңға жуық Армения және Грузия елінен әкелінген автокөліктер бар. Ресми тіркелмегендіктен полиция бұл санды нақтылай алмады. Демек жол ережесін бұзса – оларды табу да қиын. «АЖ» тілшісі Атырау қалалық полиция басқармасы қызметкерлерімен бірге  мұнайлы астана көшелеріне рейдке шығып, ахуалды көзбен көрді.

Жол-патрульдік инспекторлары өздері «Ураган» деп атайтын «InterceptorClient» автокөліктерді іздеу жүйесімен жабдықталған. Бұл құрылғының жұмыс істеу принципі оңай әрі жеңіл: апта сайын базаға іздеуде жүрген, жол-ережесін бұзған автокөліктердің нөмірлерін енгізіп, камераға іліккен көлік іздеуде немесе оның өтелмеген айыппұлдары болса, арнайы белгі береді. Дәл осылай әдіспен жол-патрульдік инспекторлары Баймұханов көшесінде өтелмеген үш айыппұлы бар «Тоyota Ipsum» көлігін тоқтатты. Автокөлік жүргізушісі Махамбет даңғылында 3 рет 78км/сағ дейін жүріп, жылдамдықты асырған. Айыппұлды төлемегені үшін автокөлігі айып тұрағына қойылатындығы айтылған кезде, 41 жастағы жүргізуші телефонға жармасып, өзінің айтуынша, полиция басшыларына телефон соқпақ болды. Бірақ онысынан ештеңе шықпай, автокөлігі «СпецАвтоБаза» ЖШС базасында орналасқан ҚБП айыптұрағына қойылды. Өзі жаяу кетті.


Ураганның екінші құрбаны Nissan Skyline автокөлігі «СпецАвтоБаза» ЖШС орналасқан Тайманов көшесінде ұсталды. Оның төленбеген 7 айыппұлы бар екен. Ол да телефонға жармасып, бірнеше сылтаулар айтты. Алайда «Ниссан» да айыптұрағына қойылып, 100 мыңға жуық айыппұлын төлеуі тиіс.


Тағы да бір «Тоyota Ipsum» көлігі 10 төленбеген айыппұлмен ұсталды. Ал ресейлік нөмір таққан «Ваз-21140» автокөлігінің 43 айыппұлы бар болып шықты. Енді автокөлік жүргізуші 543 мыңнан астам айыппұл төлеп қана, көлігін айыптұрағынан алып кете алады. Оның тағы бір амалы бар: айыптұрағына көлігін мәңгілікке тастап, 500 мың теңгеге тағы бір осындай көлік сатып ала алады. Айтпақшы, осылай жасайтын атыраулықтардың саны аз емес екен.


Полиция инспекторларының айтуынша, қала тұрғындары Армения мен Грузиядан жолаушы тасуға ыңғайлы «Тоyota Ipsum» көп әкеледі, Ресейден «Toyota Camry-50» көліктерін жиі сатып алады екен. Естеріңізде болса, Баймұханов көшесінде 17 жастағы жасөспірімді қағып өлтірген жүргізуші ресейлік нөмірмен «Toyota Camry-50» көлігін тізгіндеген болатын.

- Жүргізушілер жиі ренжиді. Бірақ былай жасамасқа амал жоқ. Айыппұлын төлегеннен кейін, Нұрсая ықшамауданында орналасқан Әкімшілік ғимаратына барып, «Автокөлікті айыптұрағынан алу туралу» рұқсат қағазын алып, көлігін кері шығарып ала алады,- дейді кіші сержант Нұрбол САЙЫП.

АУЫР КҮННІҢ КЕШІ

Кешкі кезекшілік аяқталар тұста, «Геолог» ықшамауданы тұсында «Ураган» назарына 7 айыппұлы бар қара түсті Toyota Camry автокөлігі түсті. Нан тауып отырған көлігін босатуды өтініп жалынғанымен, үйіне жаяу кетті.

- Айыппұлдарын төлемей ұсталып жатқан көліктерді уақытша тіркеуге қоямыз. Солай ғана тез табуға мүмкіндік бар, - дейді Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ.

Айта кетсек, ҚР Ішкі Істер Министрлігі де шетелдік нөмір таққан көліктер жол ережесін бұзған жағдайда иесін тауып, жауапкершілікке тарту қиын екенін мойындап,  заң шеңберінде шетелден көлік тасуға және мәжбүрлі тіркетуге қандай да бір шектеу жоқ екенін айтқан болатын. Осыған қарамастан ҚР ІІМ барлық шетелдік нөмір таққан көліктерді тіркеу керек деген бастама көтерді. Бір Атырауда ғана екі күнде жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеуден қашқан 22 көлік айыптұрағына қойылғаны, ал жыл басынан бері 895 осындай факт тіркелгені бұған бір нәрсе жасайтын уақыт келгенін растаса керек. Барлығы дерлік ҚР ӘҚтК-нің 592-бабы – «Белгіленген қозғалыс жылдамдығын асыру» бойынша жазаланған.  


Фархат ӘБІЛОВ

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

15 қазан 2019, 21:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.