Мәскеу қаласының Замоскворечье аудандық соты Алексей Навальныйдың "Россия будущего" партиясын тіркеуден бас тартқан Ресей әділет министрлігінің шешімін заңды деп таныды. Бұл ақпаратты "МБХ медиа" тілшісі сот залынан таратты.
Ресей әділет министрлігі Навальныйдың саяси партиясын тіркеуден мамыр айында бесінші рет бас тартқан еді. Бұл шешіміне "Россия будущего" атауымен тіркелген партия бар деген уәж айтқан. Оппозициядағы саясаткер Навальный "мұндай атаумен бұрын "Партия свободных граждан" аталған билікшіл партия тіркелгенін, партия атауы ұрланғанын" мәлімдеген.
Сейсенбі күні сотта жемқорлықпен күрес қорының өкілі Алексей Навальный мен оның жақтастарына саяси қысым жасалып отырғаны жайлы айтты. Оның сөзінше, Навальныйдың жақтастары саяси партияларын жеті жылдан бері тіркете алмай жүр, полиция Навальныйдың аймақтардағы штабтарын ұдайы тінтеді, ал жемқорлықпен күрес қорына "ақшаның ізін жасырды" деген айыппен қылмыстық іс қозғаған.
- Алексей Навальныйдың партиясын тіркету үшін адам құқығы бойынша Еуропа сотына шағымдануға туралы келетін шығар, - деді жемқорлықпен күрес қорының заңгері.
Навальный Ресейдегі сайлауларға қатысу үшін 2012 жылдан бері саяси партиясын тіркетуге тырысып келеді. Одан бері партия атауын "Народный альянс", "Партия прогресса" және "Партия будущего" деп үш рет өзгертті. Алайда, Ресей әділет министрлігі әрдайым түрлі желеумен тіркеуден өткізуден бас тартып келеді.
Дереккөз: Азаттық радиосы