11-13 қазан аралығында Атырауда алғаш рет «Көрпе Fest» мегафестивалі өтті. Фестивальге барлық аудандар мен Орал қаласынан арнайы келген жүзден аса қыз-келіншектер қатысты. Сондай-ақ көрмеде 50-ге жуық қатысушының инсталяциясы көпшілік назарына ұсынылды.
- Мен өзімнің бұл көрмеге қойған туындымды теңіз толқыны деп атадым. Бұл толық қыз жасауы. Бұл дүниені тігіп шығару үшін кемінде бір ай уақыт кетеді. Қыз жасауына алты көрпе, көпшік, шәй көрпе, сандық жапқышы және махаббат көрпесі кіреді,- дейді Махамбет ауданының тұрғыны тігінші Әсемгүл Салихова. – Бағасы 100 мың теңгеден басталады.
Фестивальдің ашылу салтанатына Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ, Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ арнайы қатысты.
- Біз қазақтың ұлттық өнерін ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ол үшін осындай ауқымды шараларды жиі өткізіп, тек Қазақстанда ғана емес, шет елде де танытуымыз керек. Өйткені шет ел азаматтары арасында қол өнер туындыларына сұраныс жоғары,- деді Б. Сапарбаев.
Көрменің ұйымдастырушыларының бірі, әйгілі этнодизайнер, «Алтын сапа» Президенттік сыйлығының лауреаты, «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза ТҰРСЫНЗАДА үш күн қатарынан қатысушы қыз-келінішектерге шеберлік сыныбын өткізді.
- Атырау өңірінде бұрындары бірнеше рет шеберлік сыныбымды өткізгенмін. Алайда мұндай мегафестиваль алғаш рет өтуде. Фестивальдің басты мақсаты ұлы даланың ұлттық мәдениеті мен өнерін сақтау және жаңғырту,- дейді Ы. Тұрсынзада. – Мақсатымыз қыз-келіншектерге іс тігуді үйретіп, үйде бос отырмай, апа-әжелеріміздің ұрпақтан -ұрпаққа мұра етіп қалдырған қолөнерін насихаттау.
Фестивальдің соңында белсенді қатысқан қатысушылар мен жеңімпаздарға 25 тігін машинасы тарту етілді.
Әсем ЖОЛДЫБАЕВА
Суреттерді түсірген автор