Жыл басынан бері Атырау облысында 23 мал ұрлығы ашылды, 82 үй жануары иелеріне қайтарылды. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Полицейлердің айтуынша, бізде барымташылар малдардың еркін, бақташысыз жайылғанын пайдаланады екен.
Жақында Махамбет ауданының аумағында сиырларды ұрлаудың кезекті әрекеті әшкереленді.
- Атырау-Индер тасжолында ГАЗель жүк көлігін тексеру барысында ұрланған үш сиыр табылды. Ұсталғандардың екеуі де 29 және 40 жастағы жергілікті тұрғындар болып шықты. Полицияның хабарлауынша, ҚР ҚК 188 бап, 2 тармағы («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл тармақ бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан шектеу белгіленген, бірақ, әдетте жәбірленушілер қылмыскерлер келтірген шығынды өтеген жағдайда ымыраға келіп жатады.
Осындай бір жағдай жыл басында орын алды: 53 жастағы мал ұрлаушы Исатай ауданында таңба салынған екі жылқыны атып, сотқа тартылды. Кейін миллион теңге материалдық және моральдық залалды өтеп, құтылып кетті. Бірақ, одан аңшы қаруы мен «ГАЗ-31105-411» автокөлігі тәркіленді.
Фархат ӘБІЛОВ