9 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында «Эйр Астана» авиациялық-техникалық орталығында ТМД-дағы алғашқы AirbusA321LR neo алыс магистралды ұшағы таныстырылды.
«Бұл “Эйр Астана” үшін ғана емес, Қазақстанда және бүкіл посткеңестік кеңістіктегі азаматтық авиацияның дамуы үшін де өте маңызды оқиға. Өйткені бұл өңірдегі осы типтегі алғашқы ұшақ және осы құрылымдағы жоғары жайлылықтағы алғашқы Airbus A321LR neo жолаушылар ұшағы, - деді таныстырылымда «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер ФОСТЕР.
Жаңа ұшақ Батыс Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Мәскеу, Дубай, Стамбұл және Бейжіңге халықаралық рейстер орындайды.
«Эйр Астана» операциялық лизингке Гамбургтегі Airbus зауытынан тікелей жеткізілетін жеті A321LR ұшағына тапсырыс берген.
Жаңа әуе кемелері 2003 жылдан бастап қолданыста жүрген Boeing 757 ұшағын біртіндеп ауыстырады. «Қазіргі уақытта ұшақтардың орташа жасы - 7,1 жыл, бұл әуе паркін осы саладағы ең жас парктердің біріне айналдырады», - деп атап өтілді таныстырылымда.
«A321LR әуе кемелері Pratt&Whitney заманауи қозғалтқыштарымен жабдықталған және жақсартылған техникалық сипаттамаларға ие. Алдыңғы буынды Airbus ұшақтарымен салыстырғанда, A321LR ұшағына жанармай шығыны 20%-ға аз тұтынылады, - деп хабарлады әуе компаниясындағылар.
Ұшақтар екі класта ұсынылған: бизнес-класс 16 орынға, эконом-класс - 150 орынға арналған. «Эйр Астана» паркінде 19 Airbus ұшақтары бар: сегіз A320 және төрт A321, үш A320neo, үш A321neo және бір A321LR.
Таныстырылым соңында компания басшысы Питер Фостер журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«АЖ» сұрақтары.
- Жаңа ұшақтың құны қанша?
- Каталог бойынша - 75 миллион доллардан астам. Бірақ біз оларды операциялық лизингке аламыз, тиісінше, құны да өзгеруі мүмкін, бұл лизинг берушілер мен ұшақ өндірушілер арасындағы келіссөздер мәселесі.
- Бұл отын шығыны жағынан үнемді ұшақ дедіңіз. Ол билеттер бағасына әсер ете ме?
- Иә, авиакеросиннің үнемделуі 12-ден 15%-ға дейін. Ұшу құны туралы айтар болсақ, «Эйр Астана» үнемі орынды тарифтер қолданады, ал FlyArystan-да қазіргі уақытта ең төменгі тарифтер бар.
Бірақ, әрине, тариф саясатына назар аударамыз. Біз үнемі жолаушыларға ең төменгі бағаларды ұсынуға тырысамыз. Қазақстанда өздеріңіз білетіндей, 5 авиакомпания ішкі бағыттарға рейстер жасайды, яғни, бәсекелестік деңгейі өте жоғары, бізге қырағы болуға тура келеді.
- Pratt&Whitney жаңа қозғалтқыштарынан туындаған проблемаларға түсініктеме берсеңіз, бүгінгі жағдай қандай?
- Қазір қозғалтқыш өндірушілер осыған қатысты өте мұқият жұмыс істеуде, бірақ біз үшін бұл, әрине, үлкен қолайсыздықтар тудырады. Егер жеткізілім мерзімін алсақ, біз бұл ұшақты 5 айға кешіктіріп алдық. Жоспар бойынша 4 ұшақ болуы керек еді, ал біз біреуін ғана алдық. Мұның өзі біз үшін қандай қиындықтар туғызатынын көрсетіп отыр.
Әрине, президенттің 8 қазандағы кеңесте сөйлеген сөзіне қатысты мәселе көтерілді. Естеріңізге салсақ, мемлекет басшысы: «Ең танымал, ең беделді компания болса-дағы бетінен қағудан қорықпау керек» деп, елорданың үстінен әуе жолын ашу керектігін айтқан еді.
- Біздің әуе басқа әуе компанияларына жабық па? - деп сұрады елордалық журналистердің бірі.
- Бұл жерде жаңсақтық, түсінбеушілік бар деп ойлаймын, өйткені 2016 жылдан бастап Нұр-Сұлтан ашық аспан режимі бар қала. Менің білуімше, 60 мемлекетпен осы әуе маршрутына ешқандай шектеусіз толық кіру туралы бірнеше келісімге қол қойылды. Бірақ 45 мемлекет, дәлірек айтқанда, осы мемлекеттердің әуе компаниялары Нұр-Сұлтан қаласына рейстер ашпауға шешім қабылдады.
Егер Еуропаны алсақ, қазір үш әуе тасымалдаушы 5 рейс орындайды: Германиядан Lufthansa, Польшадан Lot және Венгриядан WizzAir компаниялары. Егер Азияны алсақ, қытайлық тасымалдаушы «AirChina» ғана Бейжіңнен ұшады.
Егер әуе компаниялары ұшпауды ұйғарса, бұл тасымалдау құқығына немесе осы нарыққа кіруге емес, коммерциялық аспектілерге байланысты. Қалай болғанда да, «Эйр Астана» Еуропа мен Азияға бағыттар желісін дамыту жоспарларын әрі қарай да орындауды жалғастырмақ.
Жаңа ұшақтың тұсаукесер рәсімі аясында «Эйр Астана» Ұлттық Паралимпиадалық Комитетіне 7 750 000 теңге көлемінде қайырымдылық көмек бөлді. Қаражат Қазақстандағы паралимпиадалық спортты дамытуға және насихаттауға, қазақстандық паралимпиадашыларды халықаралық спорт шараларына қатысуға дайындауға бағытталған.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Нұр-Сұлтан қ.
Суреттерді түсірген автор