12 қазанда Атырауда ұлттық спорт түрлерінен екі күнге жалғасқан дәстүрлі «Дарабоз» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Жарыс барысында Атырауда тұңғыш рет «Алтын тұлпар - Жайық жағасында» 5-ші республикалық турнирі де ұйымдастырылды.
Атырау Орал тас жолы бойындағы Талдыкөл ауылы маңында ұйымдастырылған додада жігіттер жамбы ату, теңге ілу, аударыспақта күш сынасып, тазы жарыс, көкпар, жорға, топ бәйге, құнан бәйге, аламан бәйге және шын тұлпардың жүйріктігі мен шыдамдылығын сынайтын «Алтын қамшы» 51 шақырымдық бәйге шабылды. Додаға тігілген жалпы жүлде қоры 54 млн теңгенің 32 миллионы облыстық бюджеттен шықса, қалғанын демеушілер көтерді.
ҚАЗАНАТТАР ДҮБІРІ
Ұлттық өнер жанашырларының делебесін қоздырып, асыға күткен бәйгесі «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» бәйгесі болды. Оған еліміздің әр түкпірінен 40 ат қатысты. Бұл нағыз шыдамдылықты қажет ететін бәйге. Мәре сызығын 12 ат қана кесіп өте алды. Аламанның қорытындысы бойынша 9 ат жеңімпаз деп танылды. Жүйріктерге 10 млн теңгеден бастап соңы 300 мың теңгеге дейін жүлделер берілді. «Алтын тұлпар» кубогы мен 10 млн теңге Қызылорда облысынан «Қоянқасқа» атты жирен биесімен келген Бердібек МЫХАНОВҚА бұйырды. Ат бапкері Қуат Әбсалямовтың айтуынша, жүйрік 8 жасар ағылшын араб тұқымдас жылқысы. Биылдың өзінде 4 жарыстың бәйгесін еншілеген.
- «Қоянқасқа» сәйгүлік бұл жолы да нағыз бабында екенін көрсетті. Оған қоса бүгінгі күн райының салқындығы да атқа өз пайдасын тигізді -, дейді бапкері Әбсалямов.
Өз жерінде ұйымдастырылған «Алтын тұлпарда» атыраулықтар да намысты берген жоқ. Атырау облысы Махамбет ауданынан келген Марат ӨТЕПОВТЫҢ "Жезкиік" атты ағылшын тұқымды 7 жасар құла биесі мәре сызығын бесінші болып кесіп 1 млн теңгені еншілесе, Жылой ауданынан келген Жандәулет ШАЛАБЕКОВ тақымдаған "Жетіқазына" атты будан айғыры алтыншы келіп, 750 мың теңгені қанжығалады. Ал, Индер ауданынан келген Олжас ШОНЫШЕВТЫҢ "Алима" есімді 6 жасар көк биесі 9-ыншы келіп, 300 мың теңгені қанағат тұтты.
АЛАМАН БӘЙГЕ
25 шақырымдық аламан бәйгеге 12 сәйгүлік қатысты. Алғашқы бес жүйрікке 3 миллионнан 300 мың теңгеге дейін 5 жүлде берілді. Жарыстың бас бәйгесін Алматы облысы Қарасай ауданынан келген «Жел» атты 4 жасар күрең айғыр еншіледі.
ЖҮЛДЕЛІ СОҢҒЫ ОРЫН
Дүбірі ел аумағына жеткен додаға көкпар ойынынан үш команда ғана қатысты. Оның да өз себебі бар. Өйткені еліміздің іріктелген спортшылары алдағы айда Өзбекстанда өтетін көкпардан ІІ Әлем чемпионатына дайындалып жатқан көрінеді. Мұнан бөлек, Жамбыл облысында Ніби Момыновты еске алу турнирі де тұспа-тұс келіп отыр.
Көкпар ойынында бірінші орынды Атырау облысының "Жас Нарын" командасы иеленсе, екінші орынды атыраулық "Мырза Адай" командасы, үшінші орынды Жамбыл облысы Жуалы ауданының "Жуалы" командасы еншіледі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор