Атырау, 24 қараша 04:08
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Министрлер де жас болған

Сурет
3 300 просмотра


11 қазанда Атырауға министрлер десантымен келген ақпарат және қоғаммен байланыс  министрлігінің вице-министрі Данияр ЕСИН  «Азаматтық орталық» КМК-да болып, үкіметтік емес ұйымдармен кездесті. Вице-министрдің айтуынша, осындай азаматтық орталық тек Нұр-Сүлтан мен Атырауда ғана жұмыс істейді. Қазір елімізде 20 мыңның үстінде үкіметтік емес ұйымдар тіркелген, бірақ оның тек 15 мыңдайы ғана жұмыс істеп отыр.

 - Көптеген үкіметтік емес ұйымдар гранттан грантқа дейін жұмыс жасайды. Мемлекеттік тапсырысты ұта алмай қалса, сол жыл бойына жұмысы тоқтап тұрады,- деді Есин.  – Ал үкіметтік емес ұйымдарға жыл сайын мемлекеттен 20 млрд теңге қаржы бөлінеді.

Министрдің сөзін қоштаған «Жасұлан» ҚБ жетекшісі Марта ҚАНАТОВА мемлекеттік тапсырысты қоғамдық бірлестіктерге өз саласы бойынша ұсынып, салалық қоғамдық бірлестіктерді дамытуды ұсынды.

Басқосуда қоғамдық бірлестіктерді қайтадан тіркеуден өткізу туралы ұсыныс пікірлер айтылды. Өйткені қазір Атырауда 600-ге жуық ҮЕҰ тіркелсе, оның 120 сы ғана жұмыс істеп отыр. Кейбірінің жетекшілері өмірден өткен, кейбірі жұмыс жасауға ниетсіз.

Вице-министр айтылған ұсыныстар министрлікте қарауға ұсынылатынын мәлімдеді.

Бұдан кейін Ақпарат және қоғаммен байланыс  министрлігінің вице-министрі Данияр Есин ҚР Премьер министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ және Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВПЕН бірге Атырау мұнай және газ университетінің студенттер сарайында өңір жастарымен кездесті. Әрине, мұндай жиынға кездейсоқ адамдардың жиналмайтыны белгілі, алайда қызықты болды.


- Мен дәрігер болуды Алматы қаласында жүрген бала кезімнен бастап мақсат қойып, 5 жыл Халықаралық қазақ-түрік университетінде медицина факультетінде, 2 жыл Шымкент қаласындағы акушерлік және гинекология кафедрасында білім алдым. Қазіргі кезде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Исатай аудандық орталық ауруханасына өзім акушер-гинеколог және жұбайым бала дәрігері болып келдік,- дейді Иман ПЕРНЕБЕКОВ. - Бізге қызметтік үй мен 70 АЕК көлемінде көтерме қаржы берілді. Бір жыл ішінде өзім 80-нен аса ананы баласымен қауыштырсам, жолдасым сол балалардың сырқатының алдын алып диагностикалар жүргізуде.

- Құпия болмаса, жалақың қанша?- деп сұрады Сапарбаев.

- 150 мың теңге

- Жолдасың қанша алады?

-110-120 мың теңге.

- Осы жасаған еңбектеріңе жалақыларың сай ма деп сұрағым келген. Екеуің шамамен 270 мың теңге аласыздар, баспаналарың болса, жағдайларың жақсы екен.

Кездесу соңында Сапарбаев биыл жастар жылына орай жасақталған жол картасының мазмұнымен таныстырып өтті.

- Қазір жастар кәсіпкерлікпен айналысса, білім алса, оны мемлекет қолдайды. Өйткені біз де сіздердей болғанбыз. Ең бастысы еліктегіш болмаңыздар, теріс жолға түспеңіздер,- деп түйіндеді Сапарбаев.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті түсірген автор

13 қазан 2019, 11:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.