Жапонияда «Хагибис» тайфунынан 2 адам қаза тапты, деп хабарлайды ВВС. Жапонияда Хагибис тайфунынан қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланды. Тайфун кесірінен алпыстан астам адам жарақаттанып, 7 миллионнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Жапония билігі тағы 4,2 миллион адамға эвакуация жасауды ұсынды.
«Жапония билігі 11 миллионнан астам адамға эвакуация жариялады. Хагибис тайфуны жергілікті уақытпен кешкі сағат 7-де басталды. Тайфун сағатына 225 км жылдамдықпен Токионың батысынан шығысына қарай бара жатыр», деп жазады басылым.
Жапонияның көлік министрлігі екі әуежайдың уақытша жабылғанын және екі мыңға жуық рейстің тоқтатылғанын хабарлады. Сондай-ақ Токиода темір жол мен қоғамдық көліктер қызметі, кейбір сауда орындарының жұмысы тоқтап тұр.
Жапонияның метеорологиялық агенттігінің (JMA) айтуынша, бұл соңғы алпыс жылдағы ең ірі тайфун болуы мүмкін. 1959 жылы Жапонияда «Ида» тайфунынан 1200-ден астам адам қаза тапқан еді.
Дереккөз: Azattyq-ruhy.kz