Білім және ғылым министрін күту, ыстық бәліштер, мектеп ауласындағы дәретхана және басқалар.
11 қазанда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ Атырауға келді. Алдымен ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті, содан соң «APEC Petro Technic» Жоғары колледжіне барды. Одан кейін биыл 1 қыркүйекте ашылған Нұрсая ықшамауданындағы жалпы білім беретін №40 мектепке аяқ басты. Мен де елордалық мейманды осынан күткен едім.
Айтпақшы, өте ұзақ күттік. А.Аймағамбетов үшін жаңа мектепке экскурсия жасау сағат 14:00-ге жоспарланып, екі сағаттан кейін басталды. Басында салмағымды екі аяғыма кезек түсіріп, тазалаушылардың кіре берістің әйнектерін қалай сүртіп жатқанын бақылап, фойеде тоңып тұрдым (батареялар салқын болатын). Содан кейін қарным шұрылдап, бәліш жеп мәз болып бара жатқан оқушыларға қарап, асханаға бет бұрдым.
ТАСПЕН ҚАЛАП, АҒАШТАН ОЙҒАН
Жақында Атырау облысының Telegram чат-каналына қала маңындағы Еркінқала ауылының мектеп оқушысының ата-анасынан сырттағы дәретханалардың суреттерін жіберген хабарлама жолданды. Мұғалімдер 5-11 сынып оқушыларын осы дәретханаларға баруға мәжбүрлейді екен.
- Сізден Атырау қаласындағы «Жалпы білім беретін Еркінқала орта мектебі» КММ дәретханасына қатысты мәселені шешуді сұраймын. Бізде жалғыз мектеп бар, оқушылар саны оның сыйымдылығынан үш есе асады. Балалар төрт ағымда оқиды, тек 0-ден 5-сыныпқа дейінгі балаларға мектеп ішіндегі дәретхананы пайдалануға рұқсат етіледі. Ал қалғандары этика, эстетика, санитария және қолайлылық нормаларына сәйкес келмейтін сырттағы дәретханаға баруға мәжбүр.
Сол күні осы мектептің директорына қоңырау шалдым, алайда ол бұл фактіні жоққа шығарып, барлық оқушының мектеп ішіндегі дәретханаларға баратындығына сендірді. Ендеше бұл құрылыстар (тас қабырғалар, ағаш саңылаулар) мектеп аумағына не үшін салынған, бәлкім оларды бұзып тастау керек шығар? Әңгіменің осы тұсында директор қолы бос еместігін айтып, тұтқаны қойды.
Алдымен мен бұл жағдайды А.Аймағамбетовтің өзімен бөліскім келді, бірақ министрге мұнайлы астананың осындай хикаяларымен бөлісу орынсыз болар деп ойладым. Сондықтан сұрақтарымды министрді күткен қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза ШАҢГЕРЕЕВАҒА қойдым. Ол мұны анықтауға уәде берді.
ТОСЫНСЫЙСЫЗ ЭКСКУРСИЯ
Сағат 15:40-та облыстық білім беру басқармасының басшысы Жансұлу ТӨРЕМҰРАТОВАНЫҢ жол бастауымен көптен күткен қонағымыз келді. Оларды қарсы алған мектеп директоры Жанаргүл АТШЫБАЕВА оқу орны бойынша экскурсия жасай бастады. Тосынсыйлар болмады - мектеп шынымен де жақсы, жаңа, ұстаздар даярлықтан өткен, оқушылар оқу туралы сұрақтарға белсенді жауап беріп, қызықты ғылыми тәжірибелерімен қуантты.
Оқушылармен қош айтысқан А.Аймағамбетов жақсы баға алып, оқуда жетістіктерге жете беруді тіледі.
Неліктен министрлерді жөндеуді қажет ететін мектептерге шақырмайды екен, қызық?
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген автор