Қырғызстанда қылмыстық топ жетекшісі "Азиз Батукаевты қамаудан заңсыз босату ісі" бойынша алғашқы тыңдауға бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев келмегендіктен отырыс 14 қазанға шегерілді. Бұл ақпаратты журналистерге адвокат Сергей Слесарев хабарлады.
"Күзет қызметкері Атамбаевтың сот тыңдауына қатысудан бас тартқанын айтты. Бұған дейін Атамбаев сұхбаттарында бұл процеске араласпайтынын айтқан. Сол сөзін енді іспен дәлелдеп тұр" деді Слесарев. Адвокат айыпталушыны сотқа жеткізу мәселесін сот шешуі тиіс деді.
Сот отырысына бұрынғы бас прокурор Индира Жолдубаева да келген, алайда журалистерге сұхбат беруден бас тартты.
Бұл іс бойынша төрт айыпталушы бар: бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, бұрынғы бас прокурор Индира Жолдубаева, қылмыстық атқару мемлекеттік қызметі төрағасының бұрынғы кеңесшісі Калыбек Кашкыналиев және гематология орталығының бұрынғы директоры Абдухалим Раимжанов.
Адвокат Сергей Слесаревтің айтуынша, бұдан бөлек тағы 14 айыпталушы бар. Бірақ олар тергеу органдарымен "әріптестік орнатуға" келіскен.
"Тергеу органдары мен прокурорлардың не ойлап отырғаны белгісіз. Егер олардың істері жеке өндіріске біріктірілсе, олар бұл істе куәгерлер болады да, өз істерінде айыпталушы болып қалады" деді ол.
2013 жылы 9 сәуірде Нарын қалалық соты дәрігерлердің "Батукаев айықпас дертке шалдыққан" деген анықтамасына сүйене отырып, оны мерзімінен бұрын босатқан. Түрмеден шыққан Батукаев Қырғызстаннан кетіп қалған. Кейін оның ешқандай дертке шалдықпағаны анықталған.
Осыдан кейін Қырғызстанда тергеу басталып, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Динара Сагынбаева, Нарын облысы прокурорының бұрынғы орынбасары Майрамбек Акматалиев, бұрынғы экс-премьер-министр Шамиль Атаханов, бұрынғы бас прокурор Аида Салянова үйқамаққа алынған еді. Қорғаныс кеңесінің экс-хатшысы Бусурманкул Табалдиевке іздеу жарияланды.
2019 жылдың басында "Батукаевты заңсыз босату" туралы іс қайта қозғалып, тамыз айында қамауға алынған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен тағы бірнеше шенеунікке айып тағылды.
Дереккөз: Азаттық радиосы