Атырау, 11 желтоқсан 17:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Италия соты Сильвио Берлускониді түрмеге жабу туралы шешім шығарды

2 089 просмотра

Өтіп бара жатқан аптада әлемді елең еткізген оқиғалардың ең елеулісі Италиядағы жаңалықтар болды. Жұма күні Милан соты Италияның бұрынғы премьер-министрі  Сильвио Берлускониді 4 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл шешім Берлускони өзі құрған елдегі ең ірі медиалық топ болып табылатын «Mediaset» компаниясында жасаған қаржылық қылмыстарына байланысты шығарылды. Бұл белгілі саясаткердің қатысы бар қылмыстардың осындай ауыр жазамен аяқталған алғашқы ісі болды.

Сондай-ақ, соттың шешімімен итальяндық ең ірі медиақұрылымдарды басқарып отырған 76 жастағы саясаткер 3 жыл бойы мемлекеттік қызметтен аластатылды. Қалаберді ол сыбайластарымен бірге Италияның Салық органдарына 10 млн. еуро төлеуге міндеттелді. Нәтижесінде қолданыста бар амнистия туралы заңға сәйкес сот С. Берлускониге 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді.   

Берлусконидің өзі сот отырысына қатысқан жоқ, келмеуін саяси себептермен байланыстырған. Қазір ол бостандықта және сот шешімін апелляцияға бермек ниетте.

«Мен өзімнің ақталып шығатыныма сенімді болдым. Бұл ақылға сыймайтын шешім, - деді бұрынғы премьер жергілікті арнаға сұхбат бергенде. - Италия мұндай сотымен өркениеттен алшақтап, варварлық және демократиясыз мемлекетке айналып барады».   

Бұл іс бойынша тағы 11 адамның үстінен іс қозғалды, олардың арасында Берлусконидің ұлы Пьер-Сильвио да бар.  Халықтың көбі Италиядағы ең бай адамның (Forbes оның байлығын 5,9 миллиард доллар деп бағалаған) осындай күйге душар болатынына әле сене алар емес.

Дегенмен, үкім шығысымен «Mediaset» акциялары  3%-ға түсіп кеткен. Қазір Берлускони басқаратын «Еркіндік халқы» партиясының беделі де түсіп кету қаупі жоққа шығарылмайды. Келер жылдың күзінде елде парламенттік сайлау өтетіндігін еске алсақ, партияның болашағы бұлыңғыр екені түсінікті. Дегенмен Берлускони бұған дейін айтқандай, оның партияны сайлауға дейін басқаруы екіталай. 

Тағы бір айта кетерлігі, «Mediaset» ісінен басқа С. Берлусконидің үстінен тағы бір қылмыстық іс қаралуда. Ол премьер болып тұрған кезінде кәмелетке толмаған қыздармен жын ойнақ жасады деп айыпталып отыр. Егер де «Милан» клубы иесінің кінәсы дәлелденсе, кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынас үшін 3 жылға дейін және қызметтік уәкілдігін асыра пайдаланды деген айыппен 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

Дереккөз: ҚазАқпарат

27 қазан 2012, 14:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.