Атырау, 26 сәуір 20:33
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Ақ үй Трамп импичментіне байланысты конгреспен әріптестік орнатудан бас тартты

2 124 просмотра

АҚШ президенті Дональд Трамп және өкілдер палатасының жетекшісі Нэнси Пелоси.

8 қазанда Ақ үй президент Дональд Трампқа импичмент жариялау процедурасын зерттеу бойынша демократтармен әріптестік орнатудан бас тартты.

Ақ үй заңгері Пэт Чиполлонның өкілдер палатасына жолдаған мәлімдемесінде "президент Трамп пен оның әкімшілігі Конституцияға қайшы біржақты зерттеуге араласқысы келмейді" деп жазылған.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришэм президент әкімшілігі "біржақты саяси спектакльге қатыспайды" деп мәлімдеді. Ақ үй өкілдері 2016 жылғы президент сайлауының қорытындысын жоққа шығару үшін демократтар азаматтық еркіндік пен билік бөлінісін бұзып жатыр деп айыптады.

"Президент ештеңені бүлдірген жоқ. Демократтар мұны біледі" деді Гришэм.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті АҚШ-тың Еуропа Одағындағы өкілі Гордон Сондландқа өкілдер палатасының тыңдауына баруға тыйым салған. Сондландтың өзі тыңдауға қатысу үшін Вашингтонға арнайы ұшып барған.

Өкілдер палатасының спикері, демократ Нэнси Пелоси Ақ үйдің зерттеуге қатысудан бас тартқанына президент Дональд Трамп жауап береді деді. Ол "президенттің қызметтік өкілетін асыра пайдаланғанын Америка халқынан жасыруға талпыну заңға қайшы әрекет" деп бағалады.

Дау Трамптың 25 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған. Америкалық басылымдар Трамптың Зеленскийді 2020 жылғы сайлауда өзінің бас қарсыласы болатын Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға мәжбүрлемек болғанын жазды. Сыншылар Трамп "қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, ықтимал қарсыласына компромат табуға тырысты" деп айыптады. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме белгілі болғаннан кейін АҚШ өкілдер палатасындағы демократтар Трампқа "берген сертін бұзғаны үшін" импичмент жариялау процесін бастаған. 24 қыркүйекте өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси "Трамп өзінің сертін бұзды, ұлттық қауіпсіздігіміз бен сайлау институтын сатып кетті" деген. Дональд Трамп бұл процесті "фарсқа" теңеді.

Дереккөз: Азаттық радиосы

9 қазан 2019, 15:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.