Атырау, 24 қараша 03:46
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Апат патрулі

4 309 просмотра


6 қазанда таңғы сағат 7-лер шамасында Атырауда Гагарин мен Молдағұлова көшелерінің қиылысында  «Lexus ES 250» маркалы автокөлігі мен жол-патрульдік қызметінің арнайы автокөлігі соқтығысқан. Айта кету керек, бұл полицейлер қатысқан екінші жол-көлік оқиғасы.

- "Lexus ES 250" Гагарин көшесінде екінші дәрежелі жолдан шығып, басты жолмен келе жатырған патрульдік полицияның арнайы автокөлігіне жол бермей, соқтығысқан. Соққы салдарынан екі көлікке де материалдық зиян келтірілді. Жол-көлік оқиғасының сызбасы жасалып, жинақталған құжаттар әкімшілік сотқа жолданды, - деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаментіндегілер. Сонымен қатар, «Лексус» жүргізушісінің мас екені белгілі болды.

Тағы бір оқыс оқиға 1 қазанда Atyrau Plaza бизнес орталығының жанында болған. «543» нөмірлі көліктегі полиция қызметкері Toyota Hilux көлігімен соқтығысқан. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, «пикап» жаяу жүргіншіге жол беру үшін тоқтаған кезде жол полициясының көлігі оны артқы жағынан соққан.

Жол жүрісі қағидаларының 14.1-бөліміне (Жаяу жүргіншілер өткелдері және маршруттық көлік құралдарының аялдамалары) сәйкес, «көлік құралының жүргізушісі өзінің жүру бағытындағы жолдың жүру бөлігін реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі бойымен өтіп келе жатқан жаяу жүргіншілерге жол береді». Әйтпесе, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 600-бабына (Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу) сәйкес, ол 10 АЕК (25250 теңге) көлемінде айыппұлмен жазаланады.

Бұл жағдайда бәрі түсінікті болып көрінеді. Рас, Полиция департаментінің баспасөз қызметінде бұл оқиғаға әлі түсінік берген жоқ.

Естеріңізге салсақ, 18 қыркүйекте Атырау-Индер трассасында жол-патрульдік қызметтің арнайы көлігі мен Toyota Hilux көлігі соқтығысып, нәтижесінде екі полицей мен «Тойота» жүргізушісі ауруханаға түскен. Сол кезде Тойотаның қарсы жолаққа шығып кеткені хабарланған болатын.

Фархат ӘБІЛОВ

8 қазан 2019, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.