Монополияға қарсы департамент сот арқылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атырау филиалын өз қызметіне қосылғаны үшін тұтынушылардан қосымша төлемдер алуды тоқтатуға мәжбүр етті. Бірақ бұл хикаяның соңына нүкте әлі қойылмаған секілді.
Осы жылдың наурызында Табиғи монополияларды реттеу департаменті филиалға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, газды жылу қазандықтары мен плиталарға қосу кезде олар үшін бөлек ақы алынатынын анықтады. Ал бұған «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңының 24-бабы 10-тармағының 3-тармақшасы бойынша тыйым салынған.
- Қолданыстағы газ құбырына жалғау және тұтынушылардың газ жабдығына газ жіберу жұмыстары үшін төлемақы алу - табиғи монополиялар саласындағы заң бұзушылықтар, - дейді заңнаманың сақталуын бақылау және талап-арыз жұмысы бөлімінің басшысы Алмагүл ЕРМҰРАТОВА.
Филиалға заң бұзушылықты 2019 жылдың 22 сәуіріне дейін жою туралы ұйғарым берілді. Алайда газ қызметкерлері мұнымен келіспей, Атырау облысының мамандандырылған экономикалық сотына шағымданды. 17 маусымда сот департаменттің ұйғарымын заңсыз деп тапты.
Өз кезегінде, монополияға қарсы қызмет пен оларды қолдаған Атырау облысының прокуратурасы бұл шешімге апелляциялық шағым түсіріп, ол қыркүйектің аяғында қаралды. Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен экономикалық сот шешімі күшін жойып, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының талап арызын қанағаттандырудан бас тартылсын” деген жаңа шешім қабылданды.
Ал «АЖ»-ға «ҚазТрансГаз Аймақ» ӨФ директоры Мақсұт ӘБУОВ хабарлағандай, компания заңгерлері жоғары сатыдағы сот сатысына қарсы шағым дайындаған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ