Жыл басынан бері еңбек биржасы арқылы 18700 адам әртүрлі жұмыстарға орналасты. Әлі 10 мыңнан астам адам жұмыссыздар ретінде тіркелген. Бұл туралы брифингте Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік ҚАМИДОЛЛА мәлімдеді. Ал АЖ сауалдары негізінен атаулы әлеуметтік көмек туралы болды.
Облыста АӘК қанша отбасына тиесілі?
- 1 қазандағы мәлімет бойынша, облыста 6 729 отбасыға (38 183 адам) адамға 2 млрд 751 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген.
- Елімізде кейбір отбасылардың жалған құжаттар тапсыруына байланысты АӘК-ті кері қайтару жағдайлары болып жатыр. Атырауда мұндай оқиғалар болды ма?
- Иә, көпшілік жеке кәсіпорындарда жұмыс істесе де, жұмыссыз ретінде жұмыспен қамтуға тіркелген анықтамаларын тапсырған. Шілде айында ақпараттық жүйе бірыңғайланғаннан кейін оның барлығы анықталып, 1700 отбасының тізімін кері қайтарды.
- АӘК төлеуде өзгерістер бар ма?
- Биыл қыркүйекте АӘК тағайындау тәртібіне мекенжай анықтамасына қатысты тағы бір өзгеріс енді. Яғни, құжаттар тапсырар кезде тіркеуде тұрған жеріне кемінде 6 ай тұру керек. Өйткені әлеуметтік көмек алу үшін өзінің ата-анасынан бөлек кетіп немесе зейнеткер ата-анасын басқа жерге тіркеуге қойып, ертесіне құжат тапсырып жатқандар көбейіп кетті. Жақында 7 баламмен күйеуім тастап кетті деген жалғызбасты келіншек АӘК сұрап келді. Бұл мүмкін емес қой.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор