Қазақстанда жылу маусымы жақындағанда жылу тарифтері өзекті мәселеге айналды. Жақында орталық баспасөзден тұрғындарға жеткізілетін қымбат жылу тарифтері бойынша Атыраудың республикада үшінші орында тұрғанын білдім. Бірінші және екінші орындарда Алматы мен Шымкент тұр.
Атырау облысында берілетін ең қымбат жылу қайда? Табиғи монополияларды реттеу департаменті ұсынған мәліметтерге сәйкес, Атырау қаласындағы «Атырау Су Арнасы» КМК жылу қазандығы қызмет көрсететін Бірінші учаскедегі көп пәтерлі 16 үйде жылу тарифі - бір гигакалория үшін 6546,4 теңгеден.
Екінші орында - «Атырау ЖЭО» АҚ, мұнда жылу тарифі - бір Гкал үшін 4832,88 теңге (бұл Атыраудағы көп пәтерлі үйлердің негізгі массиві). Одан кейінгі кезекте Исатай ауданындағы «Қамысқала су Арнасы» ЖШС тұр, оның тарифі жақында 9%-ға төмендесе де 4583,72 теңгені құрап отыр.
«Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің тарифі сәл төмен. Кәсіпорын Балықшыда ЖЭО жүйесіне қосылмаған 4 үйге 4017,79 теңгеге, ал Нұрсаядағы ЖЭО-ға қосылмаған 36 үйге (бұл ықшамаудандағы барлық көпқабатты үйлердің үштен бір бөлігі) - 3488,71 теңгеге қызмет көрсетеді.
Махамбет ауданында «Тұрмыс қызмет» ЖШС тұрғын үйлерді бір Гкал үшін 3132,2 теңге, Жылыойдағы «Жылыой су» МҚК 2459,8 теңге, Құрманғазыдағы «Тұрмыстық қызмет» МҚК 2125 теңге тарифпен жылытады. Қалған 3 ауданда жылу беретін табиғи монополия субъектілері жоқ, яғни олар шағын қазандықтармен жылытылады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ