1 қазанда Атырауда қала күніне арналған бірқатар мерекелік шаралар басталды.
Кешкі сағат 19-да Исатай мен Махамбет алаңында «Jastar Life» жастар форумының ашылу салтанаты өтті.
2 қазанда таңертеңгі сағат 10.00-де форум секциялық жұмысын бастайды. «Урбанистика» және «Еріктілік» бағыттары бойынша қызығушылық танытқан меймандарды спикерлер Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-де күтеді. «Қаржылық сауаттылық» тақырыбындағы білімдерін «Достық үйінде», «Кәсіпкерлік» бағыты бойынша «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының ғимаратында, «Өнер» бағытын Н.Тілендиев атындағы «Кіші өнер академиясында» жетілдіре алады.
Сол күні Исатай мен Махамбет алаңында форумның жабылу рәсімі өтеді.
2-4 қазан күндері ауылдық округтерде «Ауыл – ел бесігі» атты мәдениет күндері өтеді. Осы шараның қорытынды концерті 5 қазанда сағат 11.00-де Ретро-саябақта болады.
Мерекені негізгі атап өту шаралары 5 қазанға жоспарланған.
Исатай мен Махамбет алаңында сағат 11.00-де қазақша күрестен турнир басталады. Сағат 11.30-да Жайық өзенінің жағасындағы Жилгородок ықшам ауданында (көпір астында) скейт саябағы ашылады. Сағат 12.00-де Исатай - Махамбет алаңында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік концерт, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі, спорттық ойындар өтеді.
Сағат 19-да сол алаңда қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді, ал шара сағат 23-те мерекелік отшашумен аяқталады.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА