Атырау, 24 қараша 04:25
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тарантино сарынымен: отставкадағы Атырау полицейі бандиттің рөлін сомдайды

Сурет
2 756 просмотра


Атырауда «Қалай миллионер болмау керек» деген атаудағы толық метражды көркем фильмді түсіру жұмыстары аяқталды. Жанры бойынша бұл - астыртын әзіл элементтері бар криминалды фильм, продюсері -  қалада түрлі іс-шараларда фотограф ретінде танымал болған Қарасай КҮНЖАРЫҚОВ. Ал негізгі зұлым кейіпкердің рөлін мұнайлы астананың отставкадағы полиция офицері Ербол ОҢҒАРОВ сомдайды.

- Соңғы жылдары толық метражды фильм түсіру жайында көп ойландым. Менің білуімше, бұрын Атырауда мұндай түсірілім жасалған жоқ. Демеушілер таптым, енді міне, арманым орындалды. Бюджет қандай дейсіз бе? Нақты цифрды айтқым келмейді , - дейді Қарасай Күнжарықов. Оның айтуынша, фильм Қарасайдың өзі мен фильмнің режиссер қоюшысы, ақтөбелік Раду ДРАГАН пір тұтатын Квентин Тарантиноның сарынымен түсірілген.


- Картина мен сценарийдің идеясы Серік АРАЛБЕКОВТІКІ - ол Атыраудағы компаниялардың бірінде жұмыс істейді, кино десе ішкен асын жерге қоятын жан. Фильм тым қатал болмас үшін ақтөбелік Тимур ӘЛЖАНОВТАН оның сценарийін «жұмсартуды» өтіндім.

Ал қоюшы оператор Иван КРЮЧКОВ пен дыбыс режиссері Георгий БОГДАНОВИЧТІ Мәскеуден шақыртқан. Түсірілімге бір ай уақыт кетіпті.

- Бір ай жарым жоспарладық, бірақ актерлардың уақыттары тапшы болды. Сондықтан осы уақытқа үйлестіруге тура келді. Бірақ бұл сапаға әсер еткен жоқ деп есептеймін, - дейді Күнжарықов сенімді түрде.  

Актерлардың барлығы дерлік басқа қалалардан шақырылған: олар алматылық Вахид ИЗИМОВ пен Алмас ЖАРАСҚАН, астаналық Таңшолпан БАЙЛЫ мен Медет РАХЫМБЕРГЕНОВ, ақтөбелік Жеңісбек ҚАЛҚАБЕКОВ. Ал негізгі зұлым кейіпкер - мафия басшысының рөлін күні кеше ғана Атырау облыстық ІІБ ішкі қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, ІІБ-нің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы лауазымын атқарған Ербол Оңғаров ойнайды.

Фильмнің сюжеті бойынша, қонақүй иесі Дастан банкротқа ұшырайды. Бірақ бірде ол досымен бірге сөмкесі долларға толы жұмбақ қарияны кездестіреді. Тағдыр қалауымен бұл сөмке олардың қолына тиеді. Бірақ бұл сөмкенің соңына түскендер көп болып шығады, соның ішінде танымал бандиттер де бар.

- Монтаждау жұмыстарына бір айдай уақыт кетеді, дыбысталуы мен музыкасын жазуға шамамен үш айдай уақыт жұмсалады.  Фильм толық дайын болып, прокатқа шығарылған кезде хабарлаймыз. Жалпы, осы жерден кино саласын дамытуды жоспарлап отырмыз, осы іспен айналысып, табыс тапқымыз келеді, - деп сөзін түйіндеді Қ.Күнжарықов.

Ендеше, фильмнің тұсаукесерін асыға күтеміз.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

30 қыркүйек 2019, 15:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.