Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Мұрат ИҒАЛИЕВ (суретте - сол жақта) пен қалалық ТКШ бөлімі бастығының орынбасары Эдуард ОСПАНОВ (оң жақта) қатысқан брифингте қысқа дайындық туралы әңгіме қозғалды. Егер шенеуніктерге сенсек, бәрі жоспар бойынша орындалып жатыр.
Жылу маусымына дайындыққа 8,2 млрд теңге, соның ішінде жергілікті бюджеттен 5,7 млрд бөлінген (бүгінде бұл ақшадан 2,5 млрд игерілді, қалған соманы қазан айының соңына дейін игеру жоспарланған).
Қысқа дайындық аясында коммуналдық қызметкерлер 29,1 км жылу, 679 км электр, 3 км су құбырлары мен кәріз жүйелерін жөндеуден өткізді.
Атырау ЖЭО-да жоспарға сәйкес №5, 12, 14 қазандық агрегаттары және №9, 10 турбоагрегаттар жөнделді. №8 қазандық агрегатында жүргізілген жөндеу 65%-ға орындалды және қалғаны қыркүйек-қазан айларында аяқталады деп күтілуде. Ал №7 турбоагрегатты жөндеу жұмыстары қыркүйек-қаңтар айларында аяқталады деп жоспарлануда, бұл жылу беру маусымының өтуіне әсер етпейді. ЖЭО-ның резервінде газ тоқтаған жағдайда 5,8 мың тонна мазут бар, Энергетика министрлігі төтенше жағдайлар үшін қосымша 3 мың тонна бөлді.
«Теміржол су» АҚ Құрманғазы және Мақат аудандарындағы өз қызметкерлерінің тұрғын үйлерін жылыту үшін 104 тонна көмір бөлді, отын қазан айының басында алушыларға жеткізіледі. Бұдан басқа, облыстың шалғай ауылдарындағы әлеуметтік нысандар жылыту үшін 30 тонна көмір және 236 тонна дизельдік отын жеткізілді. 27 қыркүйектегі деректер бойынша, облыстағы 1668 көп пәтерлі үйлердің 1645-і облыс бойынша жылу маусымына әзірлік паспортын алды. Бұл сан күн сайын көбейіп келеді. Жылу маусымы уақытында басталады, - деп түйіндеді М.Иғалиев.
Брифингті Эдуард Оспанов жалғастырды. Оның айтуынша, бүгінде Атыраудағы 1071 көп пәтерлі үйдің 1016-ы жылу қабылдауға әзір. Қалған 55-і 15 қазанға дейін дайын болады, - деді ол сенімді түрде.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Нұрсая ықшамауданындағы «Казтеплоэлектромонтаж» ЖШС күшімен көпқабатты 16 үйдің жылу және ыстық сумен жабдықтау желілеріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Жұмыстың 50% аяқталды - ескі желілер бұзылып, жаңаларын орнату жұмыстары басталды. Компания жұмысты 15 қазанға дейін аяқтауға уәде беріп отыр.
Облыс әкімінің 2019 жылғы 21 мамырдағы қаулысына сәйкес, 1 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастайды, ал тұрғын үйлерге 15 қазаннан бастап беріледі. Егер орташа тәуліктік температура үш күн ішінде +8 градустан аспаса, жылу маусымы мерзімінен бұрын басталуы мүмкін.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор