Жуырда әлеуметтік желіде Индер ауданы Есбол ауылының тұрғыны Досбол БАЙҒАБЫЛОВТЫҢ (суретте) белгісіз алып жануардың сүйегін тауып алғаны жөнінде хабар тарады.
- Біз бос уақытымызда өзенге жиі барып тұрамыз. Бұдан төрт-бес күн бұрын барғанымда ебедейсіздеу жатқан бір нәрсеге қызығушылығым ауып, қасына бардым. Әлгіні бір шетінен топырақтан тазартқанымда сүйек екенін көріп, таң қалдым. Оны жүк көлігіне тиеп, ауылға алып келген едім,- дейді Досбол.
Ұзындығы құлаштан асатын, салмағы 26 келі сүйек туралы хабар тез тарап, Атыраудан мамандар келіп, зерттеуге алып кетті.
Жергілікті археолог Марат ҚАСЕНОВ:
- Негізі өңірімізде бұрын мамонттар сүйегі көп табылған. Енді мұның нақты ненің сүйегі екенін ғалымдар анықтайды. Қазанның бірінен кейін арнайы экспедиция Индер ауданына барып, зерттеу жүргізбекші.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет әлеуметтік желіден алынды