Атырау, 23 қараша 07:16
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Пион көшеттері қайда?

3 760 просмотра


Жергілікті денсаулық сақтау саласының жағдайы Атырау мәслихатының тексеру комиссиясының отырысында қаралып, "сын көтермейді" деп бағаланды. Бұған мұнайлы астанада ана мен бала өлімінің көбеюі, тұрғындардан дәрігерлер қызметіне шағымдардың көп түсуі басты себеп болды. Сонымен қатар, депутаттар облыстық балалар ауруханасына баса назар аударды. Толығырақ «АЖ» материалынан оқыңыз.


МАҢЫЗДЫ ПРЕПАРАТТАР ЖОҚ

- Шынымен, бірқатар емханалар мен ауруханалардағы қызмет көрсету сапасына көңілің толмайды, - дейді комиссия отырысы алдында медицина мекемелерін тексеруге қатысқан қалалық мәслихат депутаты Салтанат РАХИМОВА.

Көптеген фактілер бар. Мәселен, биылғы сәуір айында тыныс алуы қиындап, облыстық балалар ауруханасына түскен Н.Наурызбайұлын квота бойынша Алматы қаласының пульмонология орталығына емделуге жіберу туралы шешім қабылданғанына қарамастан, учаскелік терапевт бұл шешімді орындамаған. Екі айдан кейін науқас баланың жағдайы нашарлап, ауруы асқынып, қайтадан ауруханаға түскен. Тіпті, осыдан кейін де жолдама алатын құжаттардың әлі дайындалмағандығы белгілі болды.

Тағы бір жағдай. Ақпан айында №7 қалалық емхана гинекологы қала тұрғынына қатерлі ісік ауруын анықтауға анализ тапсыруға жолдама берген. Сол күні анализ тапсырылған. Екі айдан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, қан кеткеннен кейін емхана тағы да облыстық онкологиялық диспансерге жолдама берген. Ал сол кезде, ақпан айында онкологиялық диспансер науқастан III дәрежелі қатерлі ісік ауруын анықтап, қорытыныны учаскелік дәрігерге жолдағаны, бірақ дәрігердің әлдебір себептермен бұл құжатпен таныспағаны анықталды. Нәтижесінде уақыт жоғалып, науқастың жағдайы күрт нашарлады. Қазір ол Алматыдағы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» орталығында емделуде, ал атыраулық дәрігерге қатысты тексеру жүргізілуде.

Тексеру барысында Атырау облыстық балалар ауруханасында атропин, адреналин және басқалар сияқты операция жасауға қажетті препараттардың жоқ екені, сондай-ақ биыл ауруханаға «интубациялық түтік» аппаратының (наркозбен операция жасаған кезде өкпеге оттегі берілетін түтік – Ф.А.) жеткізілмегені анықталды. Операциялар манжетсіз түтікпен жасалады, яғни, оттегі мөлшермен берілмейді, бұл операция сапасына теріс әсер етеді. Айтпақшы, реаниматологтар мен анестезиологтар қажетті препараттарды сатып алуға өтінім жазыпты, бірақ аурухана басшылығы бұған құлақ аспаған.

Тек бірнеше күн бұрын, депутаттар тексеру жүргізгеннен кейін ауруханаға интубациялық түтік жеткізілді. Бұдан басқа, бүгінде операциядан кейін уақытша тамақ жей алмайтын перитонит және басқа да ішек аурулары бар балалар үшін парентеральды қорек ретінде қолданылатын аминовен, аминоплазмаль сияқты маңызды қоспалар жоқ. Антибиотиктердің кейбір түрлері де жетіспейді.



КӨРІНБЕЙТІН ЖАРНАМА

- Облыстық балалар ауруханасының қаржылық қызметі де көп сұрақтар туғызады. Өткен жылы оның кредиторлық берешегі 60 миллион теңге болса, биыл 200 миллионға жетті, - дейді С.Рахимова. Бұл сомалар көптеген нюанстардан туындаған. Мысалы, тексеру жұмыстары бірнешеуін анықтады.

Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері түгендеу жүргізіп, салықтар мен жалақылар есептеу үшін жеке компаниялармен 5 миллион 200 мың теңгеге келісімшарттар жасаған. Сонымен қатар, жеке компаниядан 3 миллион теңге сомаға мұрағаттық қызметтер сатып алған. Алайда аурухана штатында бұл мақсат үшін өз мамандары бар. Бұдан басқа, бұл емдеу мекемесінің №2 облыстық ауруханасы алдында 4 миллион 650 мың теңге қарызы бар.

- Дәрі-дәрмектерге ақша жоқ, есесіне қажетсіз және күмәнді қызметтер сатып алған, - дейді С. Рахимова наразылықпен. – Оның қарызы көбейгеннен кейін №2 облыстық ауруханасы өздеріне балалар ауруханасы қарыздарын өтемейінше олардан сынамалар қабылдамайтындығы туралы хат жазған. Егер қаржылық жағдайы төмен деңгейде болса, штат құрамында қаржы директоры, дамыту жөніндегі менеджер сияқты мамандар неліктен және не үшін қажет?

Ақшаны түсініксіз пайдалану мысалдары әлі де көп. Тағы бір жайт: аурухана өз қызметін насихаттау үшін 3 миллион 616 мың теңгеге IT-мамандарының қызметін сатып алғандығы анықталды. Бірақ тексеру жұмыстары аурухана сайтынан да, әлеуметтік желілерден де ешқандай пиар-материалдарын таба алмады. Немесе: көгалдандыру жұмыстарына 1 миллион 252 мың теңге бөлінген, бірақ жұмыстар жүргізілмепті. Соның ішінде, жеке кәсіпкерге пион көшеттерін отырғызу үшін 258 мың теңге бөлінген, бірақ емдеу мекемесінің аумағынан бірде-бір түп пион көшеті табылмады.

Денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық балалар ауруханасында «АЖ» тілшісіне түсініктеме беруден бас тартты, тек:

- Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр, сондықтан әзірге ештеңе айта алмаймыз, - деп, қысқа қайырды.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

27 қыркүйек 2019, 11:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.