АҚШ барлау қызметінің басшысы Джозеф Магуайр Трамп пен Зеленскийдің "даулы әңгімесіне" байланысты АҚШ конгресінің сұрақтарына жауап берді. "Америкалық арнайы қызмет өкілінің шағымдануына негіз бар" деді ол.
Бұған дейін Ақ үй АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің шілденің 25-індегі телефон әңгімесінің стенограммасын жариялаған. Екеуара әңгімеде Трамп украин басшысынан демократ Джо Байденнің ұлы Хантер Байденнің ісін зерттеуді сұраған. Трамп оның жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін екенін айтқан.
Телефон әңгімесі белгілі болысымен конгрестің өкілдер палатасы Трампты "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптап, президентке импичмент жариялау бойынша зерттеу бастады.
Конгресс тыңдауы кезінде Магуайр жағдайды "теңдессіз оқиға" деп бағалап, Трамптың әрекетін хабарлаған информатор заң аясында қимылдағанын жеткізіп, әрекетін қолдады.
Демократтар тыңдау кезінде Магуайрды "шағымды америкалық заң шығарушылардан жасырмақ болғаны" үшін сөкті. Ал барлау қызметінің басшысы айыпты жоққа шығарып, информаторды қорғау туралы АҚШ заңына сай әрекет еткенін айтты.
Өкілдер палатасының спикері демократ Нэнси Пелоси сол күні журналистерге берген сұхбатында Трампты Зеленскиймен әңгімесін жасырды деп сынады. Ол зерттеу басталғанына қарамастан Трампты жауапкершілікке тартуға асықпау қажеттігін, мәселені мұқият зерттеу керегін алға тартты.
Associated Press агенттігінің жазуынша, тыңдау кезінде республикашылдар пікір айтудан қашқақтаған. Тек конгресс мүшесі республикашыл Элиз Стефаник шағым авторы өзі баяндаған жайттардың көбін өз көзімен көрмеген деп көптің назарын осы мәселеге аудартуға тырысқан.
Трамп барлық айыптауларды жоққа шығарады. Украина президенті өзіне "қысым жасады" деген болжамды жоққа шығарады.
Дереккөз: Азаттық радиосы