Жыл басынан бері облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшерлері инфаркт жағдайы бойынша 203 рет шақыртуға барған. Өткен аптада олар науқасты клиникалық өлім жағдайынан шығарып, тағы бір адам өмірін құтқарып қалды.
- Біздің арнайы планшетімізге шақырту түсті, алдын ала қойылған диагноз – инфаркт екен. Мекенжайға 7 минут ішінде жетіп, алғашқы шұғыл көмек көрсетіп, электрокардиограммаға түсірдік. Жүрек суреті шынымен инфаркт екенін көрсетті. Науқасты облыстық кардиологиялық орталыққа әкелдік, - деп әңгімелейді фельдшер Фариза ҚОСДӘУЛЕТОВА.
Ауруханаға барар жолда 62 жастағы пациент клиникалық өлім күйіне түскен. Алайда бригада абдырап қалмай, жүрекке жасанды массаж жасап, оны тірілтіп алған. Содан кейін оны кардиолог мамандарға тапсырыпты.
- Бізді осыған үйретеді, алғаш рет осы дағдыларымыз тәжірибемде пайдаға асып, адам өмірін құтқарып қалдық. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, бұл үлкен тәжірибе, - дейді 20 жастағы фельдшер Арман ҚАБДЫҒАЛИ.
Жыл басынан бері Атырау облысында жедел жәрдем көлігінде 42 клиникалық өлім болып, 20 адамды аман алып қалу мүмкін болған. Қалған жағдайлар, әдетте, «103» пультіне кеш жүгінуге байланысты өліммен аяқталған.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор