Барнаул әуежайында шассиі өртеніп, шұғыл қонған Boeing ұшағында зардап шеккендер қатары 56 адамға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
РФ Тергеу комитеті Көліктегі Батыс Сібір тергеу басқармасында мәлім еткендей, қазіргі таңда медициналық санитарлық бөлімге көмек сұрап 56 жолаушы келген. Бір әйел ауруханада жатыр. Қалған жолаушылар дәрігерге қаралып, үйлеріне жіберілді. Бұған дейін 49 адамның зардап шеккені туралы хабарланған еді. Вьетнамның Камрань қаласынан Барнаулға аттанған Azur Air әуе компаниясы ұшағының бортында барлығы 344 адам болған. Оның 334 – жолаушы, қалған он адам – экипаж мүшелері. ТЖМ өңірлік бас басқармасында мәлім еткендей, сәрсенбі күні сағат 21:21-де Барнаул әуежайында әуе кемесінің шассиі өртеніп, ұшақ жерге қатты қонған. Салонға түтін жайылып, жолаушылар үрмелі басқыштармен эвакуацияланды.
Дереккөз: Inform.kz