Атырау, 24 қараша 04:57
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тоғысқан түрлі тағдырлар

Бейнежазба
4 485 просмотра


Жыл басынан бері Атырау облыстық кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына тоқсанға жуық бала келіп түскен. Осылардың 15-і «Шаңырақ» балалар үйіне орналастырылса, 65 бала заңды өкілдеріне қайтарылған.  2 бала  «ата-анасының тәрбиесіне көнбегендіктен және мінез құлқына байланысты» соттың шешімімен Маңғыстау облысындағы арнайы түзету мектебіне орналастырылды.  Ал қазір бұл жерде 21 бала тәрбиеленуде.  «АЖ» тілшісі орталық жұмысымен танысты.

- Біздің мекеме ата-ананың қарауынсыз қалған 3-18 жас аралығындағы балаларды өз қарамағына алады.  Мұнда қорғаншылық бөлімдерінің және ювеналдық полицияның қаулысымен орналастырады,- дейді  мекеме директоры Ғалия БИЖАНОВА. - Бұл жерде бала үш айға дейін болады. Егер осы уақытта ата-анасы баласына қамқор болатындай жағдайға жетсе, баланы ата-анасына қайтарамыз. Бұл тұрғыда психолог маман тек балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де тығыз байланыс жасайды. Егер 3 ай көлемінде ешқандай нәтиже болмай, баланы қамқорлығына алатын жан табылмаса, оларды «Шаңырақ» балалар үйіне жібереміз.

Бұл орталық түрлі тағдырлы балаларды бір жерге жинаған. Қорғансыз қалған балалардың арасынан мекеме директоры Мақат ауданынан келген он бір жастағы баланы айрықша атап өтті. Келгеніне үш күн болған. Ата-анасы ажырасқаннан кейін анасы ішімдікке салынып, баласына қамқор болудан қалған. Әкесінің қайда екені белгісіз. Отбасына ренжіген бала үш күн үйіне бармастан далада жаурап, жалғыз жүрген. Оны байқаған ауылдастары полиция қызметкерлеріне  хабарлапты... Өзі томаға тұйық. Алайда мінезді екен.

- Жасөспірім ата-анасына ренжулі.  Сол себепті  ол өте тұйық. Көп нәрсені ашылып айта бермейді.  Келген күннен бері онымен жақын сөйлесіп, ортаға бейімдеуге тырысып жатырмыз,- дейді психолог Гүлжан САХИЛЛАҚЫЗЫ. - Әкесінің бөлек жанұясы бар. Қазір анасымен жұмыс жасап жатырмыз. Егер анасы осы үш айдың ішінде өз-өзіне келсе, баланы асырай алатындығына көзімізді жеткізсе, қайтарып береміз.


14 жастағы Дана  (аты өзгертілген) бұл орталыққа 12 жасар інісімен келген. Оның айтуынша, анасы қаза тапқаннан кейін әжесі оларды өз қамқорлығына алған.  Алайда кейін әжесі қатты науқасқа шалдыққан. Ал әкесі бұрын анасымен заңды некеде болмағандықтан, балаларын өз қамқорлығына ала алмайды. Дегенмен, жасөспірімдер әкесінің жиі келіп тұратындығын және әкесімен бірге тұрғысы келетіндігін айтады. Мекеме директорының айтуынша, қазір әкелері оларды өз қамқорлығына алу үшін қажетті құжаттарды жинақтап жүр екен.

...Көп жағдайда балалардың тірі жетім атануына арақ кінәлі екен. Мысалы, 11 жастағы Батыр (аты өзгертілді) бұл жерде қарындасы екеуі тұрады.  Еркелігінен естілігі басым екендігі байқалады. Өзі әңгімеге шорқақтау екен. Десе де, сырын ішке бүкпеді:

- Әкем туралы ешқандай ақпарат білмеймін. Ал, анам үнемі ішетін. Кешкілік уақытта мүлде үйде болмайтын. Қазір ол түрмеде. Қарындасым екеуіміз әжемнің қамқорлығында болдық. Алайда әжем де ішкілікке салынып, басқа қалаға кетіп қалды. Содан кейін қыркүйек айынан бастап осы жерге келдік.

Жанарындағы жабырқау жүзі көп нәрседен үмітті. Болашақта қарындасына, отанына қамқор болатын сарбаз болуды армандайды екен.

- Балалар бір біріне  жаны ашып тұрады, өте қамқор.  Алайда аналары туралы ешқандай мағлұмат бергілері келмейді.  Әр бала өз анасын сүйеді ғой, сондықтан олар анасы туралы жаман сөз айтпайды, - дейді Г. Сахиллақызы. - Ол екеуі келген күннен бастап орталыққа тез бейімделіп кетті. Ашық жарқын, байсалды да ұқыпты балалар. Бұл балалардың алдағы тағдырының қандай болатынын әзірге білмейміз. Мүмкін анасы түрмеден шығып, балаларын өз қамқорлығына алар.

Әсем ЖОЛДЫБАЕВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

25 қыркүйек 2019, 12:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.