Атыраулықтар жаз басталған сайын қалалық қоқыс алаңының тұтқынына айналады, ондағы әр апта сайын тұтанатын өрттің салдарынан орын алатын тұншықтырар түтіннен және қоқыс газының иісінен терезе ашу мүмкін емес.
Экология мәселелері бойынша 19 қазанда Атырауда өткен мәжілісте Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің республикалық экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Данияр Еренчинов Қоршаған ортаны қорғау министрлігі атыраулық қатты тұрмыстық қалдық полигонының қызметіне берілген рұқсатты қайтарып алуға құжаттар дайындап жатыр деп мәлімдеді:
- Мен әкімдікте болдым, осы мәселе талқыланды. Жағдай тұйыққа тірелген. Ескі полигон толып болған, енді оған қоқыс төгуге болмайды, мемлекеттің көп қаржысы салынғанына қарамастан жаңасы дайын емес. Біздің тарапымыздан осы мәселеге қатысты шара алмау қылмыс болған болар еді. Сондықтан да Қуанов мырзаның (облыстық экология департаментінің бастығы – Л. С.) алдына осы мәселеге соңғы нүкте қою міндетін жүктеп отырмыз.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА