Бірнеше аптадан бері пайдаланушылардың қызықты ұсыныстарына шолу жасау үшін OLX хабарландырулар сайтын бақылап жүрмін. Кез-келген материалмен жұмыс жасағанда оны достарыммен жиі талқылаймын. Кейде олар қызықты қылатын қосымша бағыт беріп жатады. Бұл жолы да солай болды.
Менің бір аңғал құрбым қазір жұмыс іздеп жүр. Ол табиғатынан интроверт болғандықтан, адамдармен қарым-қатынас жасамайтын жұмыс тапқысы келеді. Курьер позициясы оған өте керемет жұмыс болып көрінді: алыңыз, қол қойыңыз дейді, артық әңгіме айтылмайды.
HeadHunter сайтын біраз қопарғаннан кейін ол OLX сайтынан іздеуге кірісті. Ол жерден курьер мен бөлшектеп өлшеушінің жұмыс орындары туралы бірнеше хабарландыруға қызығушылық танытты.
- Бұл жаяу жүретін курьердің жұмысы, әрі қарай өлшеушіге дейін көтеріле алады. Мен жұмысы қиын емес пе, жүгі ауыр емес пе деп білу үшін дереу жарнамада көрсетілген вотсапп-нөміріне жаздым. Нәтижесінде олар маған сауалнама жіберіп, ал оны толтырғаннан кейін іс жүзінде не жұмыс жасайтыным туралы ақпарат жолдады, - дейді Аида (есімі өзгертілді).
Құр сөз еместігін білдіріп, ол маған хабарландыру авторы - әлдебір Русланмен жазған хатын көрсетті.
Алдымен Руслан Аидадан қай қаладан екенін, бос орын туралы қайдан білгенін сұраған. Құрбым Атырауда тұратынын, ал ақпаратты OLX сайтынан тапқанын жасырмай айтыпты. Әрі қарай ол жасы, қазіргі жұмыс орны, соттылығы және жеке көлігінің бар-жоғы туралы сұраған. Аиданың жауабынан кейін Русланнан курьер-жеткізуші ретінде «қарқынды дамушы команданың бір бөлігі болуға» шақырту алған хабарлама келген.
«ҚОЛАЙЛЫ КЕСТЕ, ТҰРАҚТЫ ТАБЫС ЖӘНЕ БОНУСТАР»
Руслан Аиданың негізгі міндеттері туралы да жазыпты, олар:
- белгілі бір пункттен тауарларды қабылдау;
- тауарларды белгіленген жерлер бойынша тарату;
- жасалған жұмыс туралы есеп беру.
- Күн сайын сағат 15:00-де тауардың мекенжайын аласыз, ал есепті келесі күні сағат 12:00-ге дейін тапсыру керек. Яғни, сіздің құзырыңызда 21 сағат бар, - деп хабарлаған Руслан.
Сонымен қатар, жұмыс арнайы дағдыларды, қосымша инвестицияларды және көп уақытты қажет етпейді. Сонымен қатар, Аида міндеттерін адал орындаса, тұрақты үстеме ақы төлеуі де мүмкін екен.
- Жеткізілген әр тауарға 1300 теңгеге дейін төленеді (жоспардың орындалуына байланысты). Сондай-ақ, супер бонустық жүйе де бар! Орташа жоспарды орындау кезінде бір ай ішінде шағымсыз жұмыс жасасаңыз сізге смартфон береміз! – деп жазыпты Руслан. Ал егер Аида максималды жоспарды орындаса, онда ноутбук сыйлауы мүмкін. Русланның айтуынша, кешікпей «күн еліне» аттанып, сол жерде теңіз жағасында коктейль ішіп, онлайн режимде жұмыс жасай алады екен.
Әрі қарай өз хабарламасында сатылымның түсімдерін және бонустық төлемдерді есептеп берген.
ҚҰПИЯ ЖАЙМЕН АШЫЛДЫ
Аиданың жұмысы қандай болар еді дейсіз ғой?
- Тауар салынған әр пакетті қала маңындағы сіз таңдаған жерге таратып, жеткізілгенін белгілеу керек. Ол үшін сол жерді суретке түсіріп, оның орналасқан жерін барынша сипаттап, қала картасынан белгілеу керек. Сипаттамасы+ сол жерден суретке сілтеме + карта скриншотына сілтеме. Барлық суреттер бейнехостингке жүктеледі, толық нұсқаунамасын үйреткен кезде аласыз.
Әрі қарай ықтимал жұмыс беруші рефералды жүйенің (серіктестік бағдарламаның) шарттарын суреттепті. - Егер өзіңіздей сенетін сенімді адам бар болса, оны бізге жұмысқа шақырып, 5 жұмыс күнінен кейін ақшалай бонус ала аласыз. Жүйе мынадай: сіздің адам «орындаған» әр мекенжай үшін 500 теңге аласыз. Егер, мысалы ол 5 күннің ішінде (күніне 10 мекенжай) 50 мекенжай орындаса, онда ол 100 000 теңге алады, ал сіз 50 000 теңге аласыз. Соңында былай деді: - Енді сіздің бос жұмыс орны туралы толық түсінігіңіз бар, оның белгілі бір тәуекелмен байланысты екенін түсінген шығарсыз. Сіз жеткізетін тауар сигарет, кальян және мүштіктерге арналған шылым қоспасы. Қоспа құрамы тыйым салынған заттар тізілімінде жоқ, бірақ толықтай заңды емес. Тауарларды байланыссыз жеткізу құпиялылық мақсатында қолданылады, өйткені клиенттер өз әуестіктерін жарнамалай бермейді. 4 жыл жұмыс жасаған кезде құқық қорғау органдарында проблемалар болған жоқ.
Аида: Қалай түсінуге болады: тыйым салынбаған әрі рұқсат етілмеген бе?
Руслан: Сіз жеткізетін тауарлар - бұл шылым қоспалары...
Аида: Сонда да. Оны қалай түсінуге болады?
Руслан: Сіз жеткізетін тауарлар - бұл шылым қоспалары...
Аида: Кешіріңіз, мен мұндай емес, дүкендердегі тауарлар деп ойлап едім!
Айтпақшы, Аида екеуміз ол туралы көбірек білу үшін Getcontact-тан Русланның нөмірін табуға тырыстық. Алайда, ешбір тегті табу мүмкін болмады - мүлдем жоқ екен.
САРАПШЫЛАР НЕ АЙТАДЫ
Жақында есірткі бизнесімен күрес мәселесіне арналған елордада өткен брифингте ҚР ІІМ өкілдері беделді шетелдік сарапшылардың бағалауы бойынша дәстүрлі есірткі - марихуана және героиннің синтетикалық препараттармен, оның ішінде шеккен кезде психологиялық белсенді әсер тудыратын хош иісті өсімдік қоспаларымен алмастырылатындығын атап өтті. Оларды көп жағдайда Интернет және электрондық әлеуметтік желілер арқылы таратады.
- Егер 2017 жылы біз 430 наркосайттарды анықтап, бұғаттасақ, 2018 жылы 5 мыңнан асып кетті, ал сол жылдың 4 айында - 3,5 мыңнан астам сайт бұғатталды, - деп түсіндірді ҚР ІІМ.
Осыған байланысты министрлік Интернет-ресурстарды қылмыстық мақсатта пайдаланатын өткізушілерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамаға түзетулер әзірледі. Осындай сипаттағы қылмыстарды жасағаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау ұсынылады.
Ал сіз 15 жылға «күн еліне» барғыңыз келе ме? Ендеше Руслан сияқтылар сізді күтеді.
Дайындаған Анастасия АЛЮШИНА
Автор түсірген скриндер