Баймұханов көшесіндегі жаяу жүргінші өткелінде 17 жастағы жасөспірімді қағып өлтірген 22 жастағы «Toyota Camry-50» көлігінің жүргізушісі екі айға тергеу абақтысына қамалды.
- 21 қыркүйекте Баймұханов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде «Камри-50» көлігінің 1997 жылғы жүргізуші 2002 жылғы жаяу жүргіншіні қағып, ол алынған зақым салдарынан оқиға орнында қайтыс болды. Сол күні жүргізуші уақытша ұстау абақтысына қамалды. Ал келесі күні тергеу соты күдіктіні қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметінде.
Ал әлеуметтік желілерге бұл оқиғаны түсірген бейнежазба тарап кетті: бір адам жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп барады, қасынан Mersedes зу етіп өтіп, Toyota Camry-50 қағып кетті. Бала колледжге сабаққа бара жатыр екен.
Жылдамдықты асырған екінші «Мерседес» көлігі анықталып, айып тұрағына қойылды. Жүргізушіге қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.
Олар қала орталығында «форсаж» ұйымдастырған жоқ па екен?
Бұдан басқа, әлеуметтік желілерде Toyota көлігі жүргізушісінің әуежай трассасының бойында жоғары жылдамдықпен кетіп бара жатқаны түсірілген бейнежазбалар тарады. Ал бұл Атырау облысының Полиция департаментіне қойылатын мәселе. Бұған дейін жастардың түнгі уақытта жарыс ұйымдастырып, Атырау халықаралық әуежайының тұрағынан Сәтпаевқа дейін «құйғытатыны» туралы әлденеше рет айтылған еді.
«АЖ» оқырмандарының естерінде шығар, біздің бірқатар жарияланымдарымыз бен азаматтардан түскен шағымдардан кейін әуежай жолына жол-патрульдік сақшылары кезекшілік ете бастаған еді, бірақ кейін тоқтатты.
Сол кезде жергілікті бюджеттен әуежай трассасының ортасынан сымарқан қоршауын орнатуға 143 млн теңге бөлінгені де хабарланды. Бірақ әзірге жоба туралы ештеңе белгісіз.
...Қайғылы оқиғаға оралсақ. Қазіргі уақытта сот сараптамасы тағайындалды, істі тергеуді облыс прокуроры Халидолла ДӘУЕШОВ өз бақылауына алды. Ал ертең марқұм болған жасөспірімді туған жері - Құлсарыда жерлейді.
Фархат ӘБІЛОВ
Әлеуметтік желілерден алынған бейнежазбалар