- Атырауда қанша көше бар және пайыздық тұрғыда олардың қаншасы жарықтандырылған? Көшені жарықтандыру желісін салу жоспарына қосу үшін көшені таңдау кезінде қандай талаптар қойылады?
Ақбаян көшесінің тұрғындары (Нұрсая ықшамауданы)
- Көшелерді жарықтандыру бойынша Атырау қаласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы туралы айтсаңыздар. Көше жарықтандыру желілерін жөндеу және пайдалануға жауапты ұйымды атасаңыздар. Неліктен Афанасьев көшесіндегі №134 үйдің жанындағы жарық шамдары жанбайды?
Афанасьев көшесі, 134 үйдің тұрғыны С.Құсайынов
«АЖ»-ның жазбаша сауалына сол кезде қала әкімінің орынбасары болған Шәкір КЕЙКИН жауап берді:
- Бүгінгі таңда Атырауда жалпы ұзындығы 1593,6 шақырым болатын 1600 көше бар. Пайыздық тұрғыдан алғанда, қала көшелерінің жарықтандырылуы - 25%. Көше жарықтандыру желісін салу жоспарын құрғанда ең алдымен әлеуметтік нысандардың болуы, тұрғындар саны, азаматтардың өтініштері және т.б. ескеріледі.
Атырау облысының әкімдігі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Көше жарықтандыру желілерін салу» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба техникалық тұрғыдан күрделі. Қазіргі уақытта 230 көше көшені жарықтандырудың заманауи жүйелерімен жабдықталған. Бұл жаңартылған электр тарату желілері, металл тіректер және диммерленген (шам қуаты мен жарықтандыру жарықтығын реттеу) функциялары бар «Philips» шамдары мен GSM желілері негізінде қашықтағы объектілердің автоматты диспетчерін қамтиды.
Көшелерді жарықтандыру желісін жаңарту - жарықтандырудың жеткіліксіздігі, жарықтандырудың санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес келмеуі, пайдалану шығындары мен энергия шығындарының көптігі сияқты мәселелерді шешеді.
Биыл көше жарықтандыру жүйесіне техникалық қызмет көрсетумен «Монтаж стройсервис» ЖК айналысады. Келісімшарт сомасы - 40,4 миллион теңге. Афанасьев көшесі, 134 үйде тұратын С.Құсайыновтың шағымы бойынша мердігер мекемеге көшені жарықтандыру жүйесін қалпына келтіру тапсырылды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ