Египетте бірнеше қалада жүздеген адам көшеге шығып, президент Әбдел Фаттах әл-Сисидің отставкаға кетуін талап етті. Египеттің экономикалық және әлеуметтік құқықтар орталығының дерегінше, 21 қыркүйекте полиция ондаған адамды ұстаған. Олардың арасында екі журналист бар. Зардап шеккендер жайлы ақпарат хабарланбады.
Көшеге шыққандардың көбіне полиция көзден жас ағызатын газ шашып, таратып жіберген.
Бұған дейін қазіргі билік оппоненті, жақында елден қашып кеткен қуғындағы бизнесмен Мұхаммед Әли интернет арқылы халыққа үндеу жолдап, үкімет пен әскерилерді "жемқор" деп айыптап, халықты көшеге шығуға шақырған. Ал әл-Сиси бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Бизнесменнің үндеуінен кейін халық қатарынан екі күн наразылыққа шығып, билікке талаптарын айтты. Бақылаушылар халық толқуына әл-Сиси үкіметінің билікті сынаған белсенділерді қуғындауы да себеп болғанын айтады.
Бұрынғы генерал, қазіргі президент Әбдел Фаттах әл-Сиси режимі тұсында құқық қорғаушылар белсенділерді қуғындау, азаптау, пікір еркіндігін шектеу фактілері барын айтқан.
Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы 21 қыркүйекте Египет билігін азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын сақтауға шақырды.
Дереккөз: Азаттық радиосы