Атырау, 24 қараша 06:06
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аман өргенімізге шүкір

Сурет Бейнежазба
4 449 просмотра


- Күн сайын таңда Достық көшесіндегі 60 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген, қазір апаттық күйдегі 14-үйдің тұрғындары осылай шүкіршілік етеді. Осы жерге келген Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТҰМҰРАТҰЛЫ жаңа жылға дейін бұл мәселені «шешуге уәде берді».  Бірақ жаңа жылға дейін әлі көп уақыт бар, ал әкім келіп кеткеннен кейін көп ұзамай, пәтерлердің бірінің қабырғасы құлады.

- Нәжіс иісі мен осындай көрініс үшін кешірім сұраймыз, - деп қарсы алды Достық көшесіндегі №14 үйдің тұрғындары. - Сіз абай болыңыз, әйтпесе, не боларын кім біліпті.

Ескі үй шынымен сұмдық көрінеді: жартылай құлаған қабырғалар, шіріген ағаш есіктер, жарылған едендер - мұның бәрі қаңырап жұртта қалған ғимаратқа ұқсайды, бірақ мұнда адамдар өмір сүріп жатыр.

Бұл көшедегі екі қабатты ескі ғимараттар екі жыл бұрын шөгіп, жарыла бастаған. Осы уақыт ішінде қабырғалары шытынап, тіпті, басқа бөлмеден ваннада кімнің шомылып жатқанын көре алатындай жағдайға жеткен. Тұрғындар ұят болмас үшін қабырғаларды тұсқағазбен қалқалап, жапсырып қойған.

- Бір күні жатын бөлмесінің қабырғасы құлап, үйінділердің астында қаламын ба деп қорқамын, - дейді Бақыт МҮЛІКОВА. – Осы жерде тұрғаныма 20 жыл болды, қабырғалар 2-3 жыл бұрын шытынай бастады. Кез келген сәтте үй опырылуы мүмкін.

- Қорқамыз, дұға етеміз. Бірақ үйіміз құласа, билік бізді үйіндінің астынан аман шықса екен деп тілейтін болады, - дейді Елена ҚУАНЫШЕВА.

Тұрғындардың айтуынша, іргетасы жоқ және едендері жарылған үй үлкен көліктер жақын өткенде дірілдейді екен.

Олар өз күштерімен ғимараттың айналасына цемент құйған. Бірақ бұл тек ақшаны желге шашу болды. Қабырғадағы жарықтарды өздері сыламақ болған, бірақ бұл да көмектеспеді.

- Соңғы жылдары егеуқұйрықтар, бақалар және белгісіз ірі жәндіктер мекендеп алды, ал біз қабырғалар мен едендегі жарықтардың кесірінен тіпті дезинфекция жасай алмай отырмыз, - дейді Шынар ҚЫДЫРҒАЛИЕВА.

- Жазда дымқыл болғандықтан үйдегілердің бәрі ауырды, ересектер де, балалар да. Қазір де ауырып жүрміз. Бұл қыстан қалай шығатынымызды білмеймін, - дейді Марат ҚОНЫСОВ шарасыздықтан басын шайқап.


Бақыт МҮЛІКОВАМарат ҚОНЫСОВ


Олардың бір ғана үміті – басқа жерге көшу.

- Вилла немесе элиталық үйден пәтер сұрамаймыз. Тек басқа баспана керек. Пәтер сатып алуға ақшамыз жоқ - әкімдік көмектеседі деп үміттенеміз, апаттық үйлер бойынша бағдарлама бар ғой, - дейді № 14 үйдің тұрғындары. Олар облыстық және қалалық әкімдіктерге, Төтенше жағдайлар департаментіне жүгінген. Осы жерге келіп, жағдайды өз көзімен көрген Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы шұғыл көшіру бойынша жұмыс комиссиясын құруды тапсырған. Бірақ тұрғындардың айтуынша, әкім кеткеннен кейін ТКШ бөлімінің бір қызметкері оларға: «несіне дүрлігесіңдер, жақсы үй ғой» деген. Ал бірнеше күннен кейін, «оптимисттің» айтқанын естіп қалғандай, пәтерлердің бірінің қабырғасы құлаған. Сол кезде, абырой болғанда, үйдің ішінде ешкім болмаған.

- Достық көшесі, 14-үйдегі тұрғындарды шұғыл көшіру жұмыстары бойынша комиссия құрылды. Оның құрамына қала әкімдігінің барлық жауапты бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ ТЖ бөлімінің мамандары кірді, - деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. - Мамандар бос пәтерде іргелес және тірек қабырғалардың құлау ықтималдығын анықтап, тұрғындарымен кездесті. Қазіргі уақытта комиссия жұмысы жалғасуда, оның нәтижелері жақын арада жарияланады.

- ТКШ-дан Жолдиев, екі учаскелік полиция қызметкерінен және өзін таныстырмаған тағы біреу келді, ерекше ештеңе айтпады.  Тұрғындар жиналысын өткізу керек еді, бірақ олар барлығы жұмыста болған кезде күндіз келеді, - дейді тұрғындар.

- Қазіргі уақытта шұғыл көшіру мәселесі шешілуде. Мамандар процедураның құқықтық аспектілерін зерделеп жатыр, ол аяқталғаннан кейін Достық көшесіндегі  №14 үйдің тұрғындары көшіріледі, - деді қалалық ТКШ бөлімінің тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат ЖОЛДИЕВ.


Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

21 қыркүйек 2019, 20:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.