Атырау, 27 қараша 08:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жаңа кеңесшісі кім?

2 761 просмотра

 

АҚШ президенті Дональд Трамп заңгер, саясаткер Роберт О ' Брайенді өзінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі етіп тағайындады. Бұл туралы Sueddeutsche неміс басылымы хабарлады. 

Өткен аптада Трамп бұрынғы кеңесші қызметін атқарған 70 жастағы Джон Болтонның отставкасына қол қойған. Болтон АҚШ президенті қызметінен босатқан төртінші кеңесші. Осыған дейін ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі лауазымын Сьюзан Райс, Майкл Флинн және Герберт Макмастер атқарған. Енді Роберт О ' Брайен Трамп әкімшілігіндегі бұл лауазымға тағайындалған бесінші кеңесші болмақ. 

Роберт О ' Брайен 1991 жылы Беркли қаласындағы Калифорния университетінің құқық факультетін тәмамдаған. 1991-1996 жылдары Skadden, Arps, Slate, Meagher & Flom заң компаниясында қызмет етіп, 1996-1998 жылдары Женевадағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің аға заңгері болды. 2005 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында АҚШ өкілінің орынбасары қызметін атқарды. 2007-2016 жылдары Arent Fox заң фирмасында басқарушы серіктес болып жұмыс істеді. 2008 жылдан 2011 жылға дейін АҚШ-тың мәдени игілік объектілері бойынша кеңес беру комитетінің құрамына кірді, сонымен қатар Ауғанстандағы сот реформасы жөніндегі Америка-Ауған комиссиясының төрағасы болды. 

2011 жылы АҚШ президенттігіне кандидат Митт Ромнидің сыртқы саясат жөніндегі аға кеңесшісі болып тағайындалды. 2013 және 2014 жылдары Грузия мен Украинадағы сайлауда халықаралық республикалық институттың бақылаушысы болды. 2015 жылы АҚШ президенттігіне кандидаттардың сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі ретінде қызмет етті. 2018 жылдың мамырынан бастап АҚШ-тың кепілдікке алу ісі жөніндегі арнайы өкілі қызметін атқарды. Роберт О ' Брайен «Америка ұйықтап жатқанда: дағдарыс әлемінде американдық көшбасшылықты қалай қалпына келтіруге болады» кітабының авторы ретінде белгілі және АҚШ Құрлық әскерлері қорының майоры. 

Дереккөз: Qazaqtimes.com

20 қыркүйек 2019, 15:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.