Атырау, 26 желтоқсан 13:01
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

ҚР Бас прокуратурасы шетелдік жұмыс күштерін тарту кезіндегі жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

2 628 просмотра

Бүгін Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас прокуратураның алқа мәжілісі болып өтті. Онда мектептердің құрылысын жүргізу, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту барысындағы жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі заңдылықтың сақталуы мәселелері қаралды.

Алқа жұмысына бірқатар министрліктер мен водомстволардың басшылары, Парламент депутаттары қатысты.

Бас прокуратураның тексеруі барысында анықталған құқық бұзушылықтардың арасында ең көп таралғандары мыналар болды: құрылыс-монтаждық жұмыстарын жобалық-сметалық құжаттамалардан ауытқып жүргізу, құрылыс нормалары мен технологияларын бұзу, қауіпсіз емес құрылыс материалдарын, сондай-ақ метрология органдарында тексеруден өтпеген өлшем құралдарын пайдалану. Республикада құрылысы жүріп жатқан 165 жалпы білім беру мектептерінің төрттен бір бөлігінің мерзімі бұзылып салынуда. Жиналыста аталып көрсетілгендей, көбінесе қалыптасып отырған жағдай құрылысқа теріс пиғылды құрылысшыларды жіберетін және орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қоятын шенеуніктердің жауапкершіліксіз қатынасының салдарынан болып отыр.

Тексеру нәтижесі бойынша 22 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 6 қылмыстық іс қозғалды, 5 материал тергеуге дейінгі тексеру жүргізу үшін қаржы полициясына жолданды.

Талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті органдар басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою және балалардың ыңғайлы және қауіпсіз білім алу құқықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету бойынша тиімді ұйымдастырушылық-практикалық шаралар кешенін қабылдау жөніндегі міндеттер қойылды. Атап айтқанда, бюджеттік қаражаттың жұмсалуына, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту, мердігер ұйымдардың қызметіне жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру қажеттілігі көрсетілді. Келісім-шарттық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамайтын мердігерлерге қатысты талап-арыз жұмыстарын жүргізу және сәйкес соманы бюджетке өндіру бойынша кезек күттірмейтін шараларды қабылдау ұсынылды.

Прокурорларға құрылыс саласындағы қадағалау тиімділігін арттыру, барлық заңдылықты бұзушылықтарды жоюға және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуға қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Халықтың еңбекпен қамтылуы саласындағы заңдылықтың жай-күйін талдау қазақстандық еңбек нарығына шетелдік жұмыс күшінің белсенді түрде енуін, сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін пайдалану тәртібін сақтау жөніндегі уәкілетті органдар тарапынан тиісті бақылаудың болмауын куәландырады. Жергілікті атқарушы органдардың жол беруі салдарынан шетелдік азаматтарды тартуға рұқсат беру тәртібін бұзу, рұқсат алу үшін көрінеу жалған құжаттарды пайдалану, сәйкес біліктілігі жоқ шетелдік жұмысшыларды тарту фактілері орын алған. Қазақстандық заңнамалар талаптарын жаппай ескермеу, қазақстандық жұмысшылар құқықтарын дискриминациялау фактілеріне жол беріледі.

Жүргізілген тексерулер нәтижелері бойынша прокуратура органдары 11 қылмыстық іс қозғады, 2230 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күштерін тартуға 1396 рұқсат қайтарып алынды және 271 рұқсаттың әрекет етуі тоқтатылды, елімізден 238 шетелдік азамат шығарылды.

Алқа елімізге шетелдік жұмыс күштерін тарту тәртібін сақтау, заңсыз еңбек көші-қонын ұйымдастыру бойынша жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуге, қазақстандықтардың құқықтарын бұзу фактілерін жоюға бағытталған әрекет етуші шаралар қабылдауды ұсынды. Атап айтқанда, елімізге шетелдік жұмыс күштерін тартуға квота белгілеу тәртібін қайта қарау, халықты жұмыспен қамту саласындағы уәкілетті органдарға жұмыс берушілердің шетелдік азаматтарды тартуы барысындағы ерекше жағдайларды сақтауына бақылау жүргізу функцияларын беру мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ теріс пиғылды жұмыс берушілердің тізілімін жүргізу ұсынылды.

Жиналыс қорытындысы бойынша Үкіметке заңдылықты бұзушылықтарды жою, елімізге шетелдік жұмыс күштерін тарту тәртібін реттейтін заңнамаларды қолданудың тиімділігін арттыру туралы ұсыныс енгізу туралы шешім қабылданды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі 

23 қазан 2012, 12:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.