Атырауда көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ 80 жылдығына арналған апталық Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында жергілікті өнер ұжымдарының концертімен қорытындыланды. Бұған дейін апталық аясында республикалық ақындар айтысы, сурет көрмесі, поэзиялық кештер өтті.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЙТЫС
Жыр додасына 22 ақын қатысып, Фаризаның өр мінезі мен қазақ поэзиясындағы алар орнын жырға қосты. Айтыскерлер бас тақырыптан бөлек елде болып жатқан жағдайлар мен халықтың көкейіндегі түйткілді мәселелерді де тілге тиек етті. Павлодарлық ақын Аспанбек ШҰҒАТАЕВ Атыраудың байлығы жөнінде «Қазаққа жетпей тұрса да, Асырап тұрсың әлемді» деп келтірсе, батыс қазақстандық ақын Талғат МЫҚИ әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүрген аналардың жағдайын қозғап, «Бір адамы қиындық көрмеу керек, Екі адам басқаратын еліміздің» деп қағытты.
Жазушы-публицист Мереке ҚҰЛКЕНОВ төрағалық еткен қазылар алқасы бас жүлде мен 2 млн теңгелік сыйақыны Орал қаласынан келген ақын Талғат Мықиға, бірінші орынды атыраулық Шалқарбай ІЗБАСАРОВҚА (жүлдесі 1,5 млн теңге) берді. Жүлделі екінші орын нұр-сұлтандық Еркебұлан ҚАЙНАЗАРОВ пен ақтөбелік Аруна КЕРІМБЕККЕ (әрқайсына 1 млн теңгеден) бұйырса, үшінші орынға семейлік Рүстем ҚАЙЫРТАЙ, алматылық Бекзат АСҚАРОВ және нұр-сұлтандық Қазірет БЕРДІХАН (500 мың теңгеден) лайық деп танылды. Ал Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы жүлде атыраулық жас ақын Фариза ЖЕТПІСБАЕВАҒА бұйырды. Айтысқа қатысқан қалған ақындар 250 мың теңге сыйақымен қоса алғыс хаттармен марапатталды.
СУРЕТШІЛЕР СИМПОЗИУМЫ
Ш.Сариев атындағы облыстық өнер музейінде өткен Республикалық суретшілер симпозиумына еліміздің әр түкпірінен 14 суретші қатысты. Қылқалам шеберлері 3 күн бойына Фариза Оңғарсынованың әр жылдардағы портреттерін, туған жерінің табиғатын бейнеледі. Өнер музейінің галереясы Фаризаға арналған 30 жаңа картинамен толықты. Көрме қорытындысы бойынша барлық қылқалам шеберлеріне облыс әкімінің атынан алғыс хат пен 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
ӘНДЕР БАЙҚАУЫ
Фаризаның сөзіне жазылған әндер байқауына еліміздің әр өңірінен 17 өнерпаз қатысты. Байқау қорытындысында атыраулық өнерпаз Айбар ҒАНИҰЛЫ бас жүлдені жеңіп алса, елордалық Мұратбек ХАЙРОЛДА бірінші орынды, Азамат ІЗНИЕВ (Атырау) пен Таңат ЖЕКСЕНБАЕВ (БҚО) екінші орынды, жамбылдық Ерболсын ҚАСЫМБЕКОВ пен атыраулық Миржан ҚАБДОЛОВ үшінші орынды иеленді.
Сонымен қатар, апталық аясында «Ар мен ақын» деректі фильмінің, «Жыр - менің жалғыз тарланым» аудио дискінің тұсауы кесіліп, «Ф.Оңғарсынова – көрнекті ақын, қоғам және мемлекет қайраткері» атты республикалық конференция ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, өнер сүйер қауым «Фариза жұлдыздары» жас ақын-жазушылар клубының поэзиялық кешін тамашалай алды.
Апталық Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қорытындыланып, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса ДӘУЕШОВ атыраулықтарға министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау лебізін жеткізді. Ал апталықтың әр шарасына қатысып, ақынның жыр-шумағын жатқа айтқан облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ ел рухын асқақтатар мұндай іс-шаралар жалғаса беретініне сенім білдірді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор