Атырау, 27 қараша 09:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

HRW Қытайдан Шыңжаңда арнайы орындарда отырған балаларды босатуды талап етті

2 491 просмотра


Халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы "Қытай билігі Шыңжаң аймағында балаларды ата-аналарының рұқсатынсыз арнайы орындарда ұстап отыр" деп мәлімдеді. 

15 қыркүйекте жарияланған ұйым мәлімдемесінде "Шыңжаңдағы арнайы орында отырған жасөспірімдер – лагерьде қамалған немесе басқа елге бас сауғалап кеткендердің балалары" деп жазылған.

Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан адам құқығын қорғау ұйымы Қытай билігін арнайы орындарда отырған ұйғыр және мұсылман балаларды отбасыларына қайтаруға шақырды. Ұйым Пекиннен балаларды ата-аналарынан айырмауды сұрады.

HRW ұйымының мәлімдеуінше, "Шыңжаңдағы арнайы орындарда отырған балалардың нақты санын анықтау қиын. 2018 және 2019 жылы Шыңжаңға барған шетелдік журналистер балалар отырған орындарды суретке, видеоға түсіре алмаған".

"Қытай билігінің балаларды отбасыларынан айыру саясаты – Шыңжаңдағы қатал репрессияның бір көрінісі. Балаларды тез арада Қытайдағы жақындарына қайтару керек немесе елден кеткен туыстарына баруға мүмкіндік жасауы тиіс" деді ұйымның Қытай бойынша директоры Софи Ричардсон.

Ричардсон басқа елдердің үкіметтерін Шыңжаңда қысым көріп жатқан балаларға араша түсуге шақырды.

Бұған дейін де халықаралық басылымдар Қытай билігі Шыңжаңда "балалардың игілігі үшін" деп жасөспірімдерді арнайы орындарда ұстап отырғанын хабарлаған.

2017 жылғы көктемнен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде қазақтарға да қысым көрсетіліп, ел ішінде "саяси лагерь" аталып кеткен жаппай қамау орындары пайда болғаны туралы хабарлар тарай бастаған. Түрлі себептермен Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барған қазақтар кері қайта алмай, кейбірін әлгіндей лагерьлерге мәжбүрлеп отырғызғаны туралы шағым айтқан.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда билік миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбиелеу лагерлерінде" мәжбүрлеп ұстап отырғаны туралы мәлімдеген.  Бастапқыда этникалық азшылық өкілдеріне қысым жайлы хабарларды терістеген Пекин кейін Шыңжаңда ондай лагерлер барын мойындап, өз саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген. Қытай билігі әлгіндей легерлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Дереккөз: Азаттық радиосы

16 қыркүйек 2019, 17:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.