Бүгін, 16 қыркүйекте Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев активке өзінің жаңа орынбасарын – бұған дейін Мақат ауданының әкімі болған Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫ таныстырды. Құрылыс және ТКШ саласына жетекшілік еткен бұрынғы орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» лауазымынан босатылды. Қандай жұмысқа ауысқаны айтылмады.
Махамбет ауданының тумасы, 48 жастағы Ж.Қарағаев - Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтының түлегі, техника ғылымдарының кандидаты. Мақат ауданының әкімі болмас бұрын облыстық энергетика және ТКШ басқармасына басшылық етті. Одан бұрын кәсіпкер болған, кейінірек мемлекеттік қызмет саласына келген. Қалалық және облыстық әкімдіктерде түрлі қызметтер атқарды, ауыл шаруашылығы басқармасын, мемлекеттік сатып алу басқармасын, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды, Атырау қаласы әкімінің орынбасары болды.
Таубаев облыс әкімінің орынбасары лауазымын 10 ай атқарды. Қауесетке сүйенсек, біреулер оны елордадағы жаңа лауазымға жайғасады десе, енді біреулері оның бизнеске оралатынын айтады.
Бұдан басқа, Дәурен БЕКТҰРҒАНОВ Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. Ол Қазақ мемлекеттік заң университетінің түлегі, Роберт Гордон атындағы университеттің (Ұлыбритания) тауарларды жеткізіу және сатып алу тізбегін басқару магистрі. Еңбек жолын Астанадағы «Заң сараптамасы орталығы» ЖШС-де заңгер болып бастаған. 2006-2007 жылдарда «Қазмұнайгаз-Сервис» ЖШС-де менеджер, 2007-2012 жылдары «Қазмұнайгаз» ҰҚ АҚ-ның бас маманы, 2014-2015 жылдары «КА-Строй ДИТ» ЖШС директорының орынбасары, 2015-2016 жылдары ҚР Президенті протоколының сарапшысы, 2016 жылдың қарашасынан бастап ҚР президенті протоколының кеңесшісі лауазымдарын атқарған.
Облыстық әкімдіктің бұрынғы аппарат жетекшісі Ернар БАСПАЕВ қазір ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істейді.
Сол күні облыс әкімдігінің баспасөз қызметі бұған дейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары болған Шакир КЕЙКИННІҢ Мақат ауданының әкімі болып тағайындалғанын хабарлады.
Ш.Кейкин Қазақ политехникалық институтын бітірген, 1993-2008 жылдары Жылыой ауданының түрлі коммерциялық құрылымдарында жұмыс істеген, 2008 жылы Жылыой ауданының Қосшағыл ауылдық округінің әкімі болды. 2009 жылдан бастап 2018 жылға дейін Құлсары қаласының әкімі қызметін атқарды, 2018 жылдың қазан айында Атырау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып тағайындалды, 2019 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметіне дейін - Атырау қаласы әкімінің орынбасары болып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жетекшілік етті.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор