Атырау, 27 қараша 09:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Улан-Удэдегі шеруде қала мэрі сайлауын қайта өткізуді талап етті

2 358 просмотра


Ресей құрамындағы Буратия республикасының астанасы Улан-Удэ қаласында жексенбі күні әділ сайлау үшін және полиция өктемдігіне қарсылық акциясына мыңға жуық адам қатысты деп хабарлайды шарада болған "Новая газеті" басылымының тілшісі. Бұл акцияны өткізуге жергілікті билік рұқсат берген.

Наразылық акциясына қатысушылар аймақ басшысының қызметтен кетуін, 8 қыркүйекте өткен Улан-Удэ қаласының мэрі сайлауын қайта өткізуді және белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап еткен. Наразылар мэр сайлауына берілген дауыс нәтижесі дұрыс көрсетілмей, бұрмаланған деп санайды.

Шеру өткен Юбилейный саябағындағы алаңда Улан-Удэ сайлауына түсіп, ресми қорытынды бойынша, жеңіліп қалды деп жарияланған Федерация кеңесінің мүшесі Вячеслав Мархаев сөйлеген. Кейін акция өтіп жатқан жерге Буриятия жетекшісі Алексей Цыденов барған. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, жанына нөкерін ертпей келген Цыденов шеруге қатысқан қарапайым адамдардың арасында тұрған. Наразылар оны "Масқара!", "Қызметтен кетсін!" деп айғайлап қарсы алған.

Біраздан соң Цыденов сайлаудағы заңсыздықтар жайлы деректер көрсетіліп жатқан сахнаға Мархаевтың шақыруы бойынша бірнеше минутқа көтерілген. Цыденов шеруге қатысушыларға бұрмалаушылық туралы барлық ақпаратты "құзыретті органдарға" беруге уәде еткен. Ол наразылық акциясына қатысушылармен жеке сөйлесуге дайын екенін мәлімдегеннен кейін алаңнан кетіп қалған.

9 қыркүйекте Улан-Удэ қаласында стихиялы түрде наразылық акциясы басталған болатын. Оған қатысушылардың кейбірін полиция ұстап әкеткеніне қарамастан, алаңдағы наразылық үш күн бойы жалғасқан. Әуелде жұрт митингіге Якутиядан Мәскеуге "Владимир Путинді аластауға" бара жатқан бақсы Александр Габышевке қолдау білдіріп шыққан. Кейін акцияға қала мэрі сайлауында Мархаевтың жеңілгені туралы ресми мәліметпен келіспейтін Ресей федерациясы коммунистік партиясының өкілдері қосылып, шеруге қатысушылар сайлауды қайта өткізу туралы талап қоя бастаған.

Билік "наразылардың бірі Росгвардия қызметкеріне газ бүркіді" деп мәлімдегеннен кейін, 12 қыркүйекке қараған түні, шеруді күшпен таратқан. Полиция 17 адамды ұстап, Тергеу комтитеті "билік өкіліне күш қолдану" бабымен 29 жастағы Дмитрий Хараев есімді азаматтың үстінен іс қозғап, оны тұтқындады.

Наразылар болса Хараев - "кездейсоқ адам", ал полиция өкілдері белсенділер отырған автобустың ішіне түтіндеткіш құтыны тастап, кейін олармен бірге өздері де зардап шекті дейді.

Дереккөз: Азаттық радиосы

16 қыркүйек 2019, 10:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.