Атырау, 27 қараша 09:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы даулы құрылыс мәселесін талқылап жатыр

2 773 просмотра


Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы даулы құрылыс мәселесін талқылап жатыр. Бұған дейін қырғыз-тәжік шекарасындағы айқындалмаған аумақта тәжік тарабы құрылыс жұмыстарын жүргізіп, шекара маңы тұрғындарының бірнеше рет жанжалдасып қалғаны хабарланған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 14 қыркүйек күні болған алғашқы келіссөзде қырғыз жағы құрылыс жұмыстарын тоқтатуды талап еткен. Тәжік жағының бұған қандай реакция білдіргені әзірге белгісіз. Келіссөз 15 қыркүйекте де жалғасады деп хабарланған.

Қырғызстанның шекара қызметінің хабарлауынша, 14 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша 16:00 шамасында Баткен ауданы Жака-Орук елді мекені жанындағы даулы бөлікке Тәжікстан азаматтары шамамен он көлік қиыршық тас әкеліп түсірген. Бұған қоса, түрлі құрылыс материалдарын жеткізіп, құрылысқа дайындық жасаған. Осыдан соң бұл маңға Қырғызстан азаматтары да жиналған. Бірақ кешке қарай тараған.

Қырғыз-тәжік шекарасы маңында кикілжіңнің алдын алу мақсатында Қырғызстанның шекара қызметі күшейтілген тәртіп режиміне көшкен. Шекара қызметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 14 қыркүйек 23:00 күнгі жағдай бойынша бұл аумақта жағдай тұрақты болған.

Баткен облысының Тәжікстанмен шекаралас аумағында 22 тамызда жанжал болып, 16 қырғыз және 10 тәжік азаматы зардап шеккен. Қырғыз шекарашыларының сөзінше, тәжік ауылының тұрғындары ауылға кіре берісте флагшток орнатқан соң жанжал шығып, қарудан оқ атылған. Ал тәжік тарабы Қырғызстан жағы бірінші оқ атты деп айтқан.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның ұзындығы 970 шақырым, оның тек 519 шақырымы бойынша екі ел арасында келісім жасалған. Қалған тұсында су, жайылым мен жерге байланысты дау жиі болып тұрады.

Дереккөз: Азаттық радиосы


15 қыркүйек 2019, 14:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.