Атырауда суармалы су құбыры құрылысының екінші кезеңі аяқталуға жақын. Қала әкімдігінің құрылыс бөлімінің хабарлауынша, жақын арада оған қызмет көрсететін коммуналдық кәсіпорын құрылады.
Құрылыс бөлімінің бас маманы Абылай ҒҰМАРОВТЫҢ айтуынша, жұмыс құны 1 миллиард 620 миллион теңге болатын екінші кезеңді келесі жылы Наурыз мерекесі қарсаңында аяқтау жоспарланған. Мердігер - «Алматыинжстрой» ЖШС.
Ал бірінші кезең 2017 жылы жүзеге асырылды. Сол кезде қалалық әкімдік ғимаратынан басталып, Сәтпаев даңғылының бойымен халықаралық әуежайға дейін желі іске қосылған-ды.
Ол орталық көпірдің жанындағы сорғы стансасынан бастау алады. Сәтпаев даңғылының ортасындағы жасыл жолақта спрингер-бүріккіштер жұмыс істейді, ал жолдың екі жағында жер бетінде шлангтарды қосуға арналған таратқыштар бар. Жоба бойынша, жасыл-желектерді суарғысы келетіндердің бәрі шлангтарын осы таратқыштарға қоса алады.
Бүгінгі күні жоба аясында салынған полиэтилен құбырларының жалпы ұзындығы 13 шақырымнан асады. Бұл құбырлардың бір бөлігінде суаруды қашықтан басқаруға арналған электрондық кабельдер іске қосылған.
Бүгінде Ғабдиев көшесінің Бейбарыс даңғылымен қиылысында №10 сорғы станциясының құрылысы аяқталуға жақын.
Бірақ Нұрсаядағы коттедж қалашығының тұрғындары оған қосыла алмайды, өйткені мамандардың есептеуінше, бұл жағдайда Н.Назарбаев мектебінің, биыл ашылған №40 мектептің аумағындағы және жанында орналасқан аллеядағы, сондай-ақ, Болашақ ықшам ауданы мен APEC Petrotechnic жоғары колледжі арасында салуды жоспарлап отырған саябақтағы ағаштарды суару үшін су жеткіліксіз болады.
Ал №2 сорғысы суды Мостовой өзегі бойында салынған екі құбырдан тартып, Құрманғазы, Мәденов көшелерінің және Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы ағаштарды суарады.
№4 су сорғысының құбыр желісі Құрманғазы мен Тайманов көшелерінің бойында «Жанель-Авто»-дан Орал мен Астрахань трассаларының қиылысына дейін тартылған.
№9 су сорғысы Атырау ықшам ауданында Жайық жағасында айналма көпірдің астында орналасқан, су құбыры желісі айналма жолдың бойында тартылған: сол жағы Орал мен Астрахань трассаларының қиылысына дейін, оң жағы Махамбет трассасының 5-ші шақырымына дейін.
№6 су сорғысы Жайық жағасында Әлиев көпірінің астында орналасқан, одан Бейбарыс даңғылының екі жағында «СинОйл» айналмасына дейін су құбыры тартылған. Сонымен қатар, ол Баймұханов, Амандосов және Махамбет көшелерінің екі жағын сумен қамтамасыз етеді.
№ 7 су сорғысы бұрынғы жұқпалы аурулар ауруханасының аумағында орналасқан және Владимирский мен Ғұмаров көшелерінің екі жағындағы ағаштарды суаруды қамтамасыз етеді.
№8 су сорғысы «Молекула» айналма жолынан бастап Азаттық даңғылына, сондай-ақ, А.Құнанбаев пен А. Байжігітова көшелерінің екі жағына да қызмет етеді.
Құбырлардың қатып қалуына жол бермеу үшін суару маусымы аяқталған соң, құбырлардың бойы толық құрғатылады.
- Бұл әдістің тиімділігі бірінші кезеңде салынған суару желісінде сыналды, - деді А.Ғұмаров.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ