Қала басшысы Достық көшесі, 14 және Бейбітшілік көшесі, 64 мекенжайында орналасқан екі қабатты тұрғын үйлерге барды деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
"АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ" телеграм чат-каналына келіп түскен шағымдарға орай қала әкімі Алимұхаммед Құттымұратұлы апатты үйлердің тұрғындарымен кездескен болатын.
Атап айтқанда, Достық көшесі 14 мекен-жайы бойынша орналасқан екі қабатты үйлердің тұрғындары әкімге жергілікті тұрғындар үшін қауіпті және құлап кету қаупі бар үйлердің қабырғалары мен төбелері жарылғанына шағымданады.
Қала әкімі 1958 жылы салынған үйлердің жағдайымен танысып, пәтерлердің қазіргі жай-күйін қарап шығып:
- Қазіргі мәселелеріңізді шұғыл түрде шешу үшін жұмысшы комиссиясын құрып, барлық қажетті құжаттарды жинақтап, заң шеңберінде шұғыл түрде тұрғындарды көшіру жұмыстарымен айналысамыз. Апатты үйлерді жою санатында осы Достық көшесі, 14 үй бірінші тұр, келеңсіз жәйттердің алдын алуымыз керек, сіздердің үйлеріңіздің қазіргі жай-күйі қанағаттанарлықсыз, - деп атап өтті Алимұхаммед Құттымұратұлы.
Әкімнің айтуынша, бұзылған екі қабатты үйлердің орнына инвестордың қаражаты есебінен көпқабатты тұрғын үй салынады. Үйлердің құрылысы аяқталғанша тұрғындар уақытша тұрғын үйге қоныстанатын болады.
Бейбітшілік көшесі, 64-үйде орналасқан екі қабатты үйлердің тұрғындарымен кездесу нәтижесінде тұрғындардың келісімімен Береке ықшам ауданына қоныстандыруды бастау туралы шешім қабылданды. Көшуден бас тартқан тұрғындар сол Балықшы ықшам ауданындағы көпқабатты үй құрылысының аяқталуын күтетіндіктері түсіндірілді.
Айта кетейік, бүгінде апаттық жағдайдағы үйлердің тізімінде 83 үй бар, бұл 2100 пәтер. Ал 12 апаттық жатақхананың 1500 тұрғыны басқа жерге көшірілуі бірінші кезекте тұр.
Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі