Бас прокуратураның мәліметі бойынша 9 қыркүйек күні таңертең Наманган аудандық перзентхананың артқы ауласында екі сәби табылды. Екі қыз баланы бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Алайда дәрігерлер қанша тырысқанмен, балалардың өмірін сақтай алмады, деп хабарлайды Sputnik Өзбекстан.
Тергеу кезінде босанған әйелдің сәбиін терезеден лақтырғаны анықталды. 1996 жылы туған келіншек қызының аяқ кемістігімен туғанына қатты уайымдап жүрген. Ақыры баласынан құтыламын деп шешкен. Таңғы сағат 8:00-де перзентхананың екінші қабатынан лақтырып жіберген.Ол өзіне күдік түспесін деген оймен өзімен бір палатада жатқан келіншектің сәбиін де терезеден лақтырды.
Өзбекстанның құқық қорғау органдары қасақана адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде атқармаған перзентхана қызметкерлеріне қатысты тағы бір іс тергеліп жатыр. Қылмыс жасаған келіншек 15-20 жылға сотталуы мүмкін. Кінәсі дәлелденсе, перзентхана қызметкерлері 5-8 жылға бас бостандығынан айырылады.
Дереккөз: Sputniknews.kz